Елордада «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Еліміздің үздік отандық өндірушілері ұлықталды. Бүгін елордада «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарына арнайы сый-сияпат табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елімізде индустриаландыру кезеңінде 1300-ден астам жаңа кәсіпорын ашылған. Нәтижесінде 200 мың жұмыс орны құрылды. Мемлекет экономикасын көтеруде сүбелі үлес қосқан кәсіпорындарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Мемлекет басшысы азаматтарымыз заман талабына сай жаңа кәсіпті меңгеріп жатқанын атап өтті. Бұл халқымыздың әл-ауқатын көтеріп, бәсекелестікті арттырады деді.
"Пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан өңдеуші кәсіпорындарда 11 айдың қортындысы бойынша өсім 3,3 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Осы жылы «Индустриаландыру картасы» аясында 200-ден астам кәсіпорын іске қосылады. Бұл 20 мың жаңа жұмыс орнын құрады. Соңғы 5 жылда орта және шағын бизнестің экономикадағы үлесі 24-тен 32 пайызға дейін ұлғайды. Бүгін барлық жеңімпаздарды еңбектеріне сай алған марапаттарымен құттықтаймын", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал биылғы байқаудың жеңімпаздары қатарында бірден 5 алматылық кәсіпорын бар. Атап айтар болсақ, «Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алматы көпір құрылысы зауыты», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Тұран» университеті, «Азық-түлік тауарларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Ақсай» Нан-бәліш комбинаты», «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Алматы қаласындағы «КЕЛЕТ» акционерлік қоғамы, «Алтын сапа» конкурсының 2020 жылғы иегерлері атанды. Сонымен қатар олардың бірі киім өндіруші - "Мимиорики" кәсіпоорны "Іскер" арнайы сыйлығының лауреаттары болды.
"Пандемияға қарамастан қазақстандық бизнес, өндіріс жұмысы тоқтаған жоқ. Біздің зауыт «Алтын сапа» лауреаты атанғанына өте қуаныштымыз. Бұл жеңіс - сапа үшін жауапкершілік жүктейді, ары қарай дамуға, инновациялық тұрғыдан өркендеуге серпін береді. Кәсіпорындарды бәсекеге қабілетті болға ынталандырады", - деді кәсіпкер Шухрад Шардинов.