|
08.06.2020 | 21:13
9021

Қазақстанда шілдеден бастап шағын кәсіп үшін 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріле бастайды

5 мың маманды баспанамен қамтуға да бюджеттік несие қарастырылмақ

Қазақстанда шілдеден бастап шағын кәсіп үшін 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріле бастайды Almaty.tv

5 мың маманды баспанамен қамтуға бюджеттік несие қарастырылмақ. Ал шағын кәсіпкерлік үшін шілде айынан бастап 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріле бастайды. Несие көлемі айналымдағы құралдарды толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттілікке 20 млн теңгеге дейін көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл туралы онлайн режимде халық алдында есеп беру барысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты. Одан бөлек министр, біраз саланың табысы төмендегенін мәлімдеді.

Төтенше жағдай кезінде қызмет көрсету секторы зардап шеккен. Ұлттық экономика министрі азық-түлік өткізетін орындар мен дәріханалардан басқа сауда, көлік, қоғамдық тамақтану желісі, туризм, кинотеатрлар мен қонақ үйлер табысын жоғалтқанын жеткізді. Сол себепті аталған салаларға қосымша салық ынталандырулары ұсынылды. Жалпы шағын және орта бизнес пен ірі бизнес үшін несиелеу тетігі кеңейтілді деді министр.

«Несиелер мен кепілге қолжетімділік мәселесін шешу – шағын және орта бизнестің, әсіресе, микробизнестің даму факторы. Сол себептен «Бизнестің жол картасы - 2025» мембағдарламасына «микро және шағын бизнесті микрокредиттеу» жаңа бағыты қосылады. Жаңа бағыт 6 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы қаржыландыруды көздейді. Бизнес субъектілері кепілінің жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе де шешімін тауып отыр. Даму қоры негізгі займның 85 пайызына дейін кепілдендіреді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Руслан Дәленов, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандар үшін баспанаға бюджеттік несие түрінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы да айтты. Анықталғаны, былтыр 4 мыңнан астам маман 1 200 ауылда жұмысын бастаған. Бұл – мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері, мал дәрігерлері мен агрономдар.  

«Несиелендірудің сомасы жыл сайын артып келеді. Бүгінде оның көлемі 4,1 млн теңгені құрап отыр. Несие бойынша мөлшерлеме 15 жылға 0,01 пайызды құрауда. Биыл баспанаға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларымен тағы да 5 мың жас маман қамтылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жастар жылы» аясында қаржыландыру көлемі төрттен бір бөлікке артып, биыл оның сомасы 20 млрд теңгеге жетті», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.  

Онлайн режимде халыққа есеп беру барысында министр Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының іргесіндегі елдімекендерді дамыту мәселесін де тілге тиек етті. Оның сөзінше, ауыз сумен қамту, жол салу, мектеп пен ауруханаларды тұрғызуға бағытталған 56 жоба іске қосылмақ.    

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир