Пандемия мен карантиндік шараларға қарамастан Алматыда инвестиция көлемі артқан

27.11.2020 02:23

Биыл дәстүрлі Almaty Investment халықаралық форумы онлайн форматта ұйымдастырылмақ

@almaty_akimat

Биыл дәстүрлі Almaty Investment халықаралық форумы алғаш рет пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Жылда шетелдік ірі кәсіпкерлердің басын қосатын шараның көздегені – алып шаһардың инвестициялық әлеуетін арттыру. Форум Алматыда 3 желтоқсан күні өтеді. Мамандардың сөзінше, әлемді жайлаған дерттің кесірінен Алматыда сауда-саттық саласы айтарлықтай құлдыраған. Есесіне қалаға тартылған инвестиция көлемі артыпты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Пандемия және карантиндік шектеу шараларына қарамастан биыл Алматыда инвестиция көлемі артқан. Мамандар қала кәсіпкерлер үшін тартымдылығын жоқ дейді. Мәселен, соңғы 10 айда 719 миллиард теңге қаржы құйылған. Оның 65 пайызы инвесторлардың қалтасынан шыққан. Бұл жолы шетелдік бизнесмендер қаражаттың басым бөлігін жылжымайтын мүлік нарығына бағыттамақ. Жыл соңына дейін тағы 176 миллиард теңге болатын 90 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Оның 15-і ірі саналады. Ал оны іске асыру барысында 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады.

Графика

Алматыға тартылған инвестиция үлесі

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК - 323,4 МЛРД.ТЕҢГЕ (ҮЛЕСІ - 44,9%);

ӨНЕРКӘСІП - 99 МЛРД.ТЕҢГЕ (ҮЛЕСІ - 13,8%);

КӨЛІК ЖӘНЕ ҚОЙМА - 69,4 МЛРД.ТЕҢГЕ (ҮЛЕСІ - 9,6%);

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ - 44,9 МЛРД.ТЕҢГЕ  (ҮЛЕСІ - 6,2%);

ҚАРЖЫ ЖӘНЕ САҚТАНДЫРУ ҚЫЗМЕТІ - 43,3 МЛРД.ТЕҢГЕ  (ҮЛЕСІ - 6 %);

«Егер қысқаша ғана айта кетер болсақ, индустриалды аймақта орналасқан зауыт Hyundai ашылған болатын. Тағы да жылдың аяғына дейін 5-6 жоба іске асырылады және қаланың ішінде қосымша 4-5 өнеркәсіптік саладағы зауыттар іске асырылуға жоспарланып отыр», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Алматы әкімдігі қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін индустиралды аймақтың аумағын кеңейтіп, «Алатау» инновациялық технологиялық паркінде фармацевтикалық класстер құруды және өнеркәсіптік парктерді көздейді. Сондай-ақ, биыл экономикалық жағдай ескеріліп, бизнесті қолдау үшін жасалған «AlmatyBusiness-2025» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді кәсіп бастаймын дегендерге сыйақы мөлшері азайып, берілетін қарыз көлемі ұлғайды.

«Бағдарламаның басты артықшылығы жалға алудың және өндіріс алаңдарын сатып алудың бекітілген құны. Осылайша, өнеркәсіптік парктермен шарт жасасу кезінде жалға алу тарифі 5 жыл ішінде бір шаршы метрі үшін 1000 теңгеден 1200 теңгеге дейінгі соманы болады. Ал сатып алу кезіндегі құн бір шаршы метрі үшін 140-145 мың теңгеден аспайды», – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Білісбеков.

Былтыр «Almaty Investment» халықаралық инвестициялық форумы Алматы үшін тиімді келісімшарттармен есте қалады. Ол кезде инвесторлар түрлі

саланы қамтитын 30-дан астам жобаға қол қойған еді. Олардың жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асып жығылды.

Жадыра Омаржан, «Алматы» арнасы