|
19.11.2019 | 21:44
5684

Нұр-Сұлтанда қаржы пирамидасының құрбаны болғандар полицияға шағымданды

Олардың қатарында 20 мыңнан бастап, 2 миллион теңгеге дейін ақшасын құйғандар бар

Нұр-Сұлтанда қаржы пирамидасының құрбаны болғандар полицияға шағымданды

 Айтуларынша, алаяқ келіншек әлдебір жобаға «құйған қаражаттарың аз уақыттың ішінде екі еселеніп қайтады» деп сан соқтырған. Алайда, пайда түгілі өз қаржысын көрмеген олардың қалалық полиция департаментіне шағымданудан басқа амалы қалмапты. Тәртіп сақшыларының сөзінше, қазір күдіктілердің тұлғалары анықталып, тергеу басталып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алаяқ құрбандарының бірі – жүзін жасыруын өтінген бұл азаматша. Айтуынша, оңай олжа табамын деп 200 мың теңгегесінен әп-сәтте айырылған.  

«Құрбым «бір бизнес бар, қанша ақша салсаң, сонша табыс аласың» деді. Мен бірден 200 мың теңге ақша салып жібердім. Ол 100 мың теңге салды. Артынан 15 күннен кейін бізге сол ақшаны екі еселеп қайтарады деп еді. Бірақ, олар бізді алдады. Содан кейін тұтқасын көтермейді. Одан кейін әке-шешем де мысалы Questraға кіреміз деп, осыдан бір жыл бұрын 800 мың теңге несие алды да, соған салып жіберді. Екі айдай 30 мың теңге ақша алып отырды да, оларды да алдап кетті. Тұтқасын көтермей қойды», - деді ол өз басынан өткен жағдайды баяндап.

Амалы қалмаған келіншек полицияға шағымданыпты. Ол сияқты жеңіл жолмен пайда тапқысы келгендердің саны 30-дан асады. Арыздарының нәтижесінде алдап-арбаумен айналысқан күдіктілердің қазір тұлғасы анықталып отыр.

«Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен 30-дан астам келіп түскен арыз бойынша алаяқтық фактілері тергеліп жатыр. Онда «Реальные доходы-1», «Реальные доходы-2» деген, «Триумф» тағы да басқа аттарымен осындай қаржылық пирамида құрып, көп азамат осы пирамиданың құрбандары болып өздерінің ақшаларын айырған болатын. Күдіктілер «сіздердің салынған ақшаларыңыз 100 пайызбен қайтарылады» деп айтқан. Бірақ қазір не ақша жоқ, салынған ақшасы, не пайда жоқ», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Күдіктілер 60 миллион теңгеден астам ақша жинап үлгерген. Бірақ полицейлердің сөзінше, алаяқтардың арбауына түскендердің саны одан да көп болуы мүмкін. Заңгер Азамат Тұтқышев өзіне қаржы пирамидаларының құрбаны болған көп азамат жүгінетінін жеткізді. Басты себеп - халықтың қаржылық сауатсыздығы аз деп отыр.  

«Елордада мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Алаяқтар қоғамдағы трендтерді бақылайды. Мәселен, бір кездері биткойндар болды. Биткойн биржасында біреуін сатып аласыздар, ертең екі биткойн аласыздар дейді. Бұның барлығы – қаржылық пирамида. Қазір басқаша алдайтын болды.  «Саяхаттап ақша табыңыздар» деп жатыр. «Сертификат сатып алып, біреуді шақырыңыз, тегін саяхаттайсыз» дейді. Бұл да – қаржы пирамидасының бір түрі», - дейді заңгер Азамат ТҰТҚЫШЕВ.

Белгілі болғаны, елімізде биылғы жылдың 9 айында «қаржылық пирамиданы құру және жетекшілік ету» бабы бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр бұл сан 103-ті құрапты. Ал аяқталған істер бойынша 2017-2019 жылы келтірілген шығынның мөлшері 8,3 миллиард теңгені құраған. Мұндай мәліметті ішкі істер министрлігі беріп отыр.

Елімізде қаржылық пирамидалар қызметіне, тіпті оларды жарнамалауға да қатаң тыйым салынғанымен, алаяқтар заңды айналып кетудің амалдарын ойластырып қойған. Мәселен, жарнамалар сайттарында «алыстан қызмет ету», «тез әрі жеңіл жолмен пайда табу» сынды жарнамалар өріп жүр. Қайсысына болсын хабарласпасаң, қаржы пирамидасына тап боласың. Осыдан бұған қашан шынымен тосқауыл қойылады деген сауал туындайды  

Салтанат Нысанбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

обман
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир