Еттің бағасы күн санап қымбаттап барады. Халық көп тұтынатын сиыр етінің қара базардағы көтерме бағасы 1900 теңгеден асса, қой етінің бір келісі 1600, ал жылқы еті 2200 теңгеден түспей тұр. Сарапшылардың пікірінше бұл баға былтырғы жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға жоғары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
БЛИЦ:
«Жем-шөптің көтерілгеніне байланысты шығар», – деді бір тұтынушы.
«Бұрын 1600-ден болса, қазір 2500-ге дейін аламыз», – деді келесі бірі.
«Арзандаудың орнына бәрі көтеріліп жатыр», – деді тағы бір тұтынушы.
Халықтың көкейінде сұрақ көп. Неге ет күн санап қымбаттап барады? Қазір базарда ет сатып алатын халықтың саны азайған. Жұрт күнделікті тамаққа емес, мереке күндері ғана сатып алуға ғана келетін бола бастады дейді саудагерлер. Алты жылдан бері ет сатумен айналысып жүрген Бинараның айтуынша қымбаттауға негізгі себеп - төрт түліктің шетелдерге жаппай тасымалдануында дейді.
«Естуімізше, шетелдерге экспортқа жіберіп жатыр дейді. Қытай, Иран, Өзбекстанға кетіп жатқанға ұқсайды біздің ет. Сол себепті қымбаттап жатыр. Жыл сайын қосылып отыратын, бірақ дәл осылай қымбаттаған жоқ», – деді ет сатушы Бинара ДУАНҚҰЛОВА.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстан 16000 тоннаға жуық сиыр етін экспортқа шығарып, шеттен 15000 тоннадан аса сиыр етін әкелген. Былтыр 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық етті сырттан сатып алған. 3800 тоннадан астам қой еті экспортқа шығарылып, 93 тоннадан астам ет шеттен әкелінген.
«Қазақстан ет одағы» қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, бағаның қымбаттауы экспорттан емес, ішкі нарықтағы қымбатшылықтың кесірінен.
Соңғы үш жылда жанар май бағасының өсуінен фермерлер мал бағасын өсіріп алған көрінеді. Себебі, малдың күтіміне қажетті шөп дайындау, тасымалдау бәрі осы көлік отынына келіп тіреледі дейді.
«Мен экспортқа шығарылатын еттің бағасы жоғары деп айта алмаймын. Ішкі бағада солай. Бұл елімізде еттің бағасының өсуіне негіз емес», – деді «Қазақстан ет одағы» қауымдастығының төрағасы Мақсұт БАҚТЫБАЕВ.
Еттің қымбаттауына бірінші кезекте жанар-жағармай бағасының өсуі себеп. Мысалы, соңғы үш жылда дизель отыны үш есеге өсті. Бұл мал бағып отырған фермерлердің негізгі қажеттілігі. Екінші, еліміздегі жалпы инфляция. Төрт түлік - фермерлердің негізгі кәсібі. Оларда шыққан шығындарының орнын толтыру керек. Егер бәрі қымбат болса, олар қалайша бағаны бір орында үстап тұра алады.
Белгілі экономист Мақсат Халықтың экономиканың өз заңдылықтары бар дейді. Биылғы жылы мемлекет тарапынан әлеуметтік мәселелерге қаражаттың жиі аударылуы еттің қымбаттауына алып келуі мүмкін. Себебі, нарықта тауардың массасын айналымдағы ақша басып кеткен. Мұның салдары нарыққа өз әсерін тигізбей қоймайды.
«Зейнеткерлердің зейнетақысы, студенттердің шәкіртақысы, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өссе, көп ұзамай азық-түліктің бағасының қымбаттағанын көреміз. Еттің негізсіз қымбаттап отырғанына себеп осы фактор деп айтар едім мен», – дейді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.
Мәселе, тезірек шешілмесе жұрт, халықтың негізгі азығы қолжетімсіз бола ма деп алаңдаулы. Малшылар мал бағасының өсуіне жем-шөп құны себеп десе сарапшылардың айтуынша еттің бәрі шетел асып жатыр деген шындыққа жанаспайды. Демек, ет құнының шарықтап кетуін көпшілік қолдан жасалып отырған шаруа деп біледі екен.