Биыл Елбасының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту тапсырмасы аясында аталған салаға 600 млрд теңге бөлінді
Қазақстанда дамуы кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсіп саласының соңғы жылдары даму үдерісі артқан. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің бірінші съезіне жиналған мамандар осындай пікірлер айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталған шараға 120-дан астам кәсіпорын өкілдері қатысуда. Олар қордаланған мәселелерін ортаға салып, дамудың даңғыл жолына түсу тетіктерін ұсынды. Биыл Елбасының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту тапсырмасы аясында 600 млрд теңге бөлінді. 2019-2021 жылдарға аталған саланы дамыту бойынша Жол картасы әзірленді. Бүгінде бұл бағытта мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 13 мың адам аталған салада еңбек етіп жүр.
«2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде ғана жеңіл өнеркәсіпте бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды, жаңа жұмыс орындары құрылды. Өнім шығару көлемі осы кезеңде 57% - ға артты, негізгі капиталға инвестициялар 50% - ға өсті. Біз өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, экспорт көлемінің, еңбек өнімділігінің өсуіне, негізгі капиталға инвестициялар көлемін ұлғайтуға және энергия сыйымдылығын азайтуға бағытталған 2025 жылға дейінгі орта мерзімді кезеңге арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастырамыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.
Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанмен, жеңіл өнеркәсіп саласында шешімін таппаған мәселелер әлі де көп дейді қатысушылар. Атап айтар болсақ, ішкі нарықта шикізат тапшы, мамандар жоқтың қасы. Отандық өндірушілер импортты алмастыруға әлі қауқарсыз. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпті қолдау үшін әлемдік үздік тәжірибені енгізу қажет деп санайды.
«Иә, бізде жеңіл өнеркәсіптің дамуы баяу. Дегенмен, жеткен жетістіктерді де атап өту керек. Ал, мәселеге келер болсақ, бізде білікті мамандар тапшы. Шикізат өнеркәсібінің де дамуы баяу. Сұраныс та айтарлықтай емес. Өйткені біз өзара бәсекеге түспейміз. Менің кәсіпорным он жылдан бері арнайы киімдер тігеді. Экспортқа шығатындай дәрежеге жеткен жоқпыз. Дегенмен мекеме, өндіріс орындарының тапсырмасы бойынша киімдер тігіп жүрміз», – деді съезд делегаты Юлия ПИМОНЕНКОВА