Мұнай бағасы ОПЕК+ келісімінен кейін өсе бастады
Мұнай бағасы ОПЕК+ келісімінен кейін өсе бастады. Мұнай өндіруші елдер қара алтынның көлемін мамыр айынан бастап 9,7 миллион баррельге төмендету жөнінде бір шешімге келген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар, осы жылдың екінші жарты жылдығында 7,7 миллионға дейін азайту жоспарланып отыр. Қазақстан да өз кезегінде келісімдегі консенсусқа қолдау көрсетіп, тәулігіне 390 мың баррельге өндіруді қысқарту міндетін өз мойнына алды. Қазір осы тақырыпты талқылау үшін студияммен тікелей байланысқа GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық шығып отыр.
– Мақсат мырза, ОПЕК+ мұнай өндіруші елдер мұнайды өндірудің көлемін азайту жөнінде келісім қаншалықты өз нәтижесін бермек?
– Қайырлы кеш! Қазіргі таңда нақты бір келісім бар. ОПЕК+ елдері бір келісімге келді. Тарихта болмаған көрсеткіш тәулігіне 10 млн баррель қысқартылып отыр. Егер барлығы бірдей бірауыздан келімсімге келсе, ешкім қарсылық білдірмесе, бұл бұл үлкен нәтиже беретін еді. Қазіргі уақытта мексика елі қарсылық білдіріп отыр. Тәулігіне 400 мың баррельге дейін қысқарту ұсынылған еді, бірақ Мексика елі тәулігіне 100 мың баррель ғана қысқарта аламыз деген өзінің талабын қойды. Мексикада пут-опциондармен бағаның ауытқауына байланысты тәуекелдерді реттеу келісімі бар. Ол келісім бойынша егерде мұнайдың бір баррелі жыл соңына дейін 45 доллардан аспайтын болса, Мексика елі 6 млрд доллар табыс табады екен. Әрине, бұл деген сөз мұнайлы елдердің арасында бағаның өсуіне қарсы ойнайтын ойыншылардың бар екенін айғақтайды. Бұл келісімнің толық жүзеге аспағанын көрсетеді және де осы жағдай мұнай нарығындағы бағаның жоғарыламауына өзінің кері әсерін тигізіп қалды деп айтуға болады.
– Енді осы келісім бағаны қаншалықты тұрақты ұстап тұра алады? Мұнай нарығындағы бағаның әлі де ауытқуы мүмкін бе?
– Мұнай нарығында әлі де бағалардың толқуы орын алатын болады. Себебі нақты мәліметтер шықты. Тәулігіне 10 млн баррельдің өзі қазіргі бағаларды қалпына келтіруге жеткіліксіз. Тәулігіне 15 млн баррель болуы керек. Бұл жердле Блумберг те өзінің үнін қосып отыр. Сауд Арабиясы, Ресей 23 мемлекет келісім жасағанымен ОПЕК+ арасында әлі де келісім бермеген тәуелсіз ойыншылар бар. Ол – АҚШ, Канада және Бразилия. Сол елдер нақты бір келісім жасап, өзінің мұнай өндіру көлемін қысқартатын болса, онда жағдай қалыпқа келеді деген болжам бар. Бірақ бәрібір тәулігіне 15 млн баррель керек деген ұйғарым бар. Бірақ ол көлем бәрібір орындалмайтыны көрініп тұр. Демек, алдағы уақытта мұнай нарығындағы жағдай тұрақсыз болады деген сөз. Бұл келілісім бағаның белгілі бір дәрежеде сақталуына септігін тигізеді. Бұл алдағы уақытта өседі дегенді білдірмейді. Уақыт бәріне төреші. Бірақ мұнай нарығындағы бағалардың төмен жағдайы бұл түсінікті. Біздің теңгемізге де кері әсерін тигізетін болады.
– Көп рахмет. Естеріңізге салайын, студиямен тікелей байланысқа шыққан GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық болатын.