Елде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап, Алматыда 70 мыңға жуық шағын және орта кәсіп иелері салық пен жалға алу төлемінен босатылған. Қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, карантин кезінде зардап шеккен бизнес өкілдеріне жеңілдік жасау негізінде мемлекет тарапынан 24 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. 6 ай көлемінде жұмысына шектеу қойылған кәсіп иелерімен тілдесіп қайтқан Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Динара Нұрахметова сауда-саттықпен айналысқанына 5 жыл болған. Елде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап, кәсібін тоқтатуына тура келген. Осылай, карантин уақытында жалға алып отырған мекеменің ақысын өтеуі қиынға соғыпты. Бірақ мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету аясында жалға алудың ақысын төлеу кейінге қалдырылғаны кәсіп иесіне айтарлықтай көмек болған.
«Елде пандемия басталған уақытта барлық сауда орталықтары жабылды. Біз де, біздің жұмысшылар да табыссыз қалдық. Бірақ сауда орталығының әкімшілігі жағдайды түсініп, бізден жалға алудың өтемін сұрамады. Бұл үлкен көмек болды. Себебі сол қаражатты жұмысшыларымызға айлық есебінде беріп отырдық. Өйткені біз карантинде қиындыққа ұшыраған қызметкерлерімізді ақшасыз қалдыра алмадық», – деді жеке кәсіпкер Динара Нұрахметова.
Осылай сауда орталықтары кәсіпкерлерге жеңілдік жасауға ықпал етіп, тек қана жұмыс күндеріндегі жалға алу құнын төлеуге рұқсат еткен. Жалпы, шаһарда карантин уақытында барлығы 70 мыңға жуық бизнес өкілі салықтық төлемдерден босатылыпты. Бұған дейін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бірқатар санаттағы кәсіпкерлер 3 жылға дейін салықтық міндеттемелерден босатылғаны туралы мараторий күшіне енген болатын.
«Мемлекет тарапынан біздерге карантин уақытында негізінен көмек көрсетілді. Енді халықтың жағдайы мүшкіл. Көбінің қалтасы көтере бермейді. Доллардың қымбаттағаны бар дегендей. Біз тапсырысты Түркияға бергеннен кейін былғарының өзі кішкене едәуір қымбат болады. Біреудің қалтасы көтереді, біреудің қалтасы көтермейді», – деді жеке кәсіпкер Ақмарал Сәбденова.
Сондай-ақ, 6 ай көлемінде жұмысына шектеу қойылған мекемелер, атап айтқанда, шағын немесе микрокәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде бірыңғай жер салығын төлейтіндер табыс салығынан босатылған. Ал, 2020 жылдың сәуір айынан бастап, кәсіпкерлер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналары және медициналық сақтандыру бойынша міндетті төлемдерге нөлдік кэффицент тағайындалып, жаңа жеңілдіктер түрі күшіне енген.
«Шағын, орта және микро кәсіп иелері салықтық есепті көрсеткенде нөлдік коэффициентті жазуы керек. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлерді 2 жылға дейін салықтан босату мәселесін қарастырып жатыр. Яғни, кәсіпкерлер әлеуметтік және табыс салығының орнына 3% ғана балама бөлшек салығын төлейді. Мұның барлығы карантин шаралары кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің аяққа нық түріп кетуіне жасалған қолдау болып табылады», – деді қалалық «Атамекен» ҰКП бөлім басшысы Бахыт Заиркан.
Аталған «нөлдік коэффицент» бойынша салық төлеу 2021 жылдың 1 қаңтарында аяқталады. Тек кәсіпкерлер бұл жеңілдікті алу үшін қажетті құжатта барлық кірісі туралы деректерді көрсетіп, салық бағанында 0-ді көрсетуі қажет. Жалпы карантин кезінде зардап шеккен бизнес өкілдеріне жеңілдік жасау нәтижесінде мемлекет тарапынан 23,5 миллиард теңге қаржы жұмсалған.
Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы