ІІ кезеңде қай салаларға және қандай талап бойынша жұмысын бастауға болады?
Алматыдағы мекемелердің жұмысқа кірісуінің ІІ кезеңі басталды. 27 сәуірден көлік және қоймалау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары кәсіпорындарының, сондай-ақ қала экономикасының басқа салаларындағы ұйымдардың жұмысы толық жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кету керек, бұған дейін алғашқы кезеңде яғни, 20 сәуірден 306 кәсіпорын мен ұйымдар жұмысын бастаған болатын. Онда 40 мыңға жуық қызметкер бұрынғы жұмысына қайта оралды. ІІ кезеңде қай салаларға және қандай талап бойынша жұмысын бастауға болады? Кәсіп иелері қайда өтініш жазу керек?
Жұмыс орындарын қайта ашудың екінші кезеңінде шамамен 90 мыңнан астам адам өзінің бұрынғы қызметіне қайта кіріседі жоспарланып отыр. Енді жұмысын кімдер бастай алады? Олар экономика саласы яғни, екінші деңгейлі банктер, микроқаржылық ұйымдар, сақтандыру компаниялар мен брокерлер. Ал, әзірге ақша айырбастау пунктері ашылмайды. Одан өзге кәсіпорындарды іске қосудың екінші кезеңі аясында техника жөндеу орталықтары, шиномонтаж, көлік жуу, сондай-ақ автосалондардың жұмысы да жаңартылады. Бірақ тек қана тұтынушыларға көлік сатпай техникалық қызмет көрсетуге рұқсат етілген және автосалондар мен көлік жуу орындары келушілерді алдын ала жазылу арқылы қабылдауы қажет. Іске кірісуге ниетті ұйымдар алдымен infoalmaty.kz сайтына өтініш берулері тиіс.
«Осы ұсыныстың негізінде арнайы комиссия шығып талаптарға сәйкестігі бойынша аудит жасайды. Тек қана санитарлық-эпидемиологиялық аудит бойынша жүргізілген тексерістен өткен кәсіпорындарға ғана жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Ол деген сөз – бұл салада жаппай жұмысқа шығуға болмайды. Тек қана аудиттің нәтижесі бойынша жұмысқа рұқсат беріледі», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.
Айта кету керек, бұған дейін қызмет көрсету саласында, кәсіпорындарды іске қосудың алғашқы кезеңінде 394 өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарына аудит жүргізілді. Олардың 306-сы мақұлданып, өз жұмысын қайта бастады. Солардың бірі әскери тренажерларды шығаратын компания. Бұл мекеме өз қызметкерлерінің санитарлық-эпидемиялогиялық қауіпсіздігін толық қамтамасыз еткен.
«Біздің өндірісте жұмысшылар күнделікті екі уақыт санитарлық бекеттен өтеді. Онда дене қызуы тексеріледі. Қорғаныс құралдары: бетперде, қолғап беріледі және санитарлық тоннельден өтіп, дезинфекция жасалынады. Әр жұмыс орнында дезинфекция жасайтын санитайзерлер орнатылған», – деді кәсіпорынның қауіпсіздік бөлімінің басшысы Айдар АРДАБАЕВ.
Бұл кәсіпорын әскери техникадан бөлек мынадай медициналық құрал-жабдықтарды шығаруды қолға алған. Мәселен, мына бір ғана түтікше ойыншыққа ұқсауы мүмкін, бірақ өкпенің жасанды желдеткіш бір аппаратына екі адамды қосуға мүмкіндік береді осы түтікше арқылы. Бұл шұғыл жағдайда ғана қолданылады.
Аталған кәсіпорындағы медициналық жобалардың барлығы әзірге Денсаулық сақтау министрлігінің қарауында. Егер министрлік рұқсат етсе, ең қажетті медициналық құралдарды шығаруды қолға алмақ. Ал, мекемелердің жұмысын жандандыру және аудит жүргізу мәселелері бойынша «жедел» желінің экранда көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызға болады. 8 775-882-52-00, 8 775-882-53-92.
КӘСІПОРЫНДАРДЫ ІСКЕ ҚОСУДЫҢ ІІ КЕЗЕҢІ:
Екінші деңгейлі банктер
Микроқаржылық ұйымдар
Сақтандыру компаниялары
Брокерлер
Техника жөндеу орталықтары
Шиномонтаж
Көлік жуу
Автосалондар
Жарнама агенттіктері
Дүкендер
Сервистік орталықтар
Ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерді сататын дүкендер
Тағамдық емес тауарларды үйге жеткізуді жүзеге асыратын компаниялар
Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» арнасы