Экономист Сапарбай Жобаев осылай деп болжап отыр. Коронавирустың таралуына байланысты қара алтынға деген сұраныстың азаюы ел экономикасына айтарлықтай әсер еткенімен, дүрлігуге негіз жоқ дейді сарапшы. Оның үстіне Үкімет қабылдап отырған кризиске қарсы іс-шаралар кешені халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге сеп боламақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Саясаттанушы Азаматхан Әміртай қара алтынға тәуелділіктен арылу керек деп санайды. Айтуынша, қазір Қазақстанның экономикасы үшін өте күрделі жағдай қалыптасты. Әсіресе, соңғы жағдаяттар «Самұрық қазына», «Бәйтерек қоры» сияқты ұлттық компаниялардың жобаларына айтарлықтай әсер ететінін жеткізді. Сол себептен, ең алдымен, бюджеттегі шығындарды азайту керек. Бұл әлбетте әлеуметтік мәселеге жұмсалатын, халықтың мүддесіне қажетті қаражат емес, гигантомизм мәселесіне арналған имидждік жобаларды міндетті түрде тоқтату керек деген ойда.
«Әлемдік саяси дағдарыстар Қазақстанға бірден әсер етеді. Бұл мәселеден шығу үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз керек. Ауыл фермерлерін қолдау керек. Біз қалайда шағын және орта кәсіпкерлікті 50 пайызға жеткізсек, бізде тәуелді экономика, макроэкономикалық жағдай қалыптасушы еді. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөлу керек. Бізге қазір мемлекеттік қызметте тәжірибелі экономистер керек», - деді саясаттанушы Азаматхан ӘМІРТАЙ.
Ал экономист Сапарбай Жобаев байбаламға салынуға негіз жоқ дейді. Оның үстіне Үкімет отырысында дағдарысқа қарсы шаралар кешені қабылданғанын еске сала кетті. Мәселен, теңгенің құбылуы 1 долларға 398 болып, халықтың сатып алу қабілеті аз-маз төмендесе де, индексациялау жүргізіледі. Зейнетақы, бюджеттік ұйымдардағы жалақы мен жәрдемақыларды көтеру мәселесі қаралып жатқанын алға тартады.
«Ертеңгі саудаларда меніңше, мұнайдың бағасы 32 доллардан 45 долларға шығады. Сонда біздің теңгемізді мүмкін 1 долларға 390, 392 теңге деңгейінде қалыптасады деп ойлаймын», - деді экономист Сапарбай ЖОБАЕВ.
Сарапшы дағдарыстың бәсеңдеуін коронавирустың жоғалуымен байланыстырып отыр. Десе де аса қауіпті індеттің эпидемиясы жазға барып азайғанның өзінде, әлемдегі жалпы ішкі өнімнің өсу деңгейі 3 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Демек өсім 1,5 пайыз болады. Бұл 2 триллиондық дүние деген сөз. Қытай сияқты мемлекеттер 4-5 пайыз жоғалтады. Сонда Қазақстан өнімді өндіруді 2 пайызға дейін жоғалтуы мүмкін. Өйткені біздің ең негізгі әріптесіміз Ресей мен Қытай болғандықтан, аталған елдердегі өндіріс шектелгеннен кейін біздің шикізатымызға да сұраныс азаяды дейді экономист. Сарапшы дағдарыстан күзге тарта шығамыз деп болжап отыр.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы