10 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерінің банк алдындағы берешегі кейінге шегерілді

17.04.2020 04:05

Банк секторы ағымдағы дағдарысты жағдайға барынша дайын болды

ашық дереккөз

1 миллион 300 мыңнан астам адам мен 10 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерінің банк алдындағы берешегі кейінге шегерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы коронавирус пандемиясының кезеңіндегі дағдарысқа қарсы шаралар туралы өткен онлайн брифингте қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері мәлімдеді. Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков 14 сәуірі бойынша 1 жарым млн қарыз алушы мен 12 мың 100 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен қарыздары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру жөнінде өтінімдер қабылданған.

«Банк секторы ағымдағы дағдарысты жағдайға барынша дайын болды. Мұны 2019 жылы жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын бағалау көрсетті. 2008 жылдан бері жинақталған көптеген проблемалар анықталып, реттелді. Банктердегі бизнес-процестердің сапасын жақсарту жөніндегі жүйелік жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Агенттік AQR нәтижелері бойынша түзету шараларының жоспарын банктермен келісу жөніндегі жұмыстары аяқталып қалды», – деді  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег СМОЛЯКОВ

Сондай-ақ, агенттік өкілі халыққа, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында бірқатар жедел шараларды қабылдағанын хабарлады. Атап айтқанда, барлық қарыз бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды. Есептеуге тыйым салынды. 16 наурыз мен  15 маусым аралығында банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімі кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға негізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатылмақ.

«Бұл талаптар барлық екінші деңгейлі банктерге, ломбардтарды қосқанда,  микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн-кредит беру компанияларына, кредиттік серіктестіктерге қолданылады. Төлемдерді кейінге қалдыру: жеке тұлғаларға, тіркелген жұмыссыздарға, қаржылық қиындықтарға тап болған өзге де азаматтарға беріледі. Жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың 2,5 млн адамның кредиттік ұйымдар алдында міндеттемелері бар. Ал шағын және орта бизнес субъектілеріне  экономиканың зардап шеккен салалары немесе қаржылық жағдайы нашарлағандар жатады», – деді  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег СМОЛЯКОВ.