Алматыдағы «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы жоғары технологияға негізделген жобалардың орталығына айналды. Биыл құны 20 миллиард теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылып, 450 адамға жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл аумақта бүгінде ІТ, телекоммуникация, электроника, жасыл энергия және медицина саласына бағытталған бастамалар қарқынды дамып жатыр. Қазірдің өзінде 48 миллиард теңгеге бағаланған 12 нысанның құрылысы басталды. Нәтижесінде, тағы 728 адам жұмыспен қамтылады. Жобалардың басым бөлігі медициналық техника мен фармацевтика саласына тиесілі.
2024 жылы экономикалық аймаққа 124,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 6700-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде 218 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, түрлі қызмет көрсетілді. Сонымен қатар жалпы құны 2 миллиард теңгеге жуық екі жаңа зауыт іске қосылып, 55 адам екі қолға бір күрек тапқан. Олардың бірі электротехникалық жабдық өндірсе, екіншісі телекоммуникациялық құрылғылар шығарады. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта 182 резидент бар. Оның 120-сы ІТ жобаларды экстерриториялық форматта іске асырады. Ал қалған 62 компания аумақтың өзінде орналасқан. Былтыр жыл соңындағы ақпаратқа сәйкес, аймақ іске қосылғалы бері 205 миллиард теңге инвестиция тартылып, 900 миллиард теңгеге жуық өнім өндірілген. 141 миллиард теңге салық төленіп, 15 миллиард теңгенің өнімі шетелге экспортталған.
Оқи отырыңыз: Еліміздегі кеден бекеттеріне «қызыл түйме» орнатылды