2019 жылдан бері 700-ге жуық жобаға бас аяғы 16 млрд теңгеден астам қаржы құйылған
Алматыда кәсіпкерлікті қолдауға арналған ауқымды жобалардың бірі қорытындыланды. 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында жеті жүзге жуық микро және шағын бизнес жобасына қолдау көрсетілген. Тек өткен жылы берілген жеңілдетілген несиенің көлемі 3 млрд теңгеден асады.
Almaty.tv тілішісі Олжас Омарбек жобаның ерекшеліктеріне тоқталды.
Алматы әлі де шағын және орта бизнеске үлкен басымдық беріп отырғаны жасырын емес. Бұл ретте «Almaty Business» жобасының орны ерекше. Бағдарламада еңбек етем, кәсіп істеймін деген адамға барлық мүмкіндік қарастырылған. Жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер бизнесін дамыту үшін жылдық 2 және 6 пайызбен жеңілдетілген қаржы алады. Бір жобаға берілетін лимит 78,64 млн теңге, ал ең жоғары несиелеу мерзімі 7 жыл.
Енді осыған дейін бөлінген ақшаның қандай салаларға жұсалғанына зер салсақ. Салалық тұрғыда ең көп қаржыландырылған жобалар өндіріс және қайта өңдеу саласына тиесілі. Бұл – барлық қолдау тапқан жобалардың 32 пайызы. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету саласындағы жобаларға 24 пайыз, денсаулық сақтау саласына барлық сомманың 21 пайызы берілген. «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бері 700-ге жуық жобаға бас аяғы 16 млрд теңгеден астам қаржы құйылған.
«Бүгінде жеңілдетілген несиеге өтініш беретіндердің басым бөлігі – өндіріс және қайта өңдеу саласымен айналысатын кәсіпкерлер. Сондай-ақ халыққа қызмет керсету және денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстар көп. Әрине, бұл бағытты ұстанатындардың жобасы жиі қолдау тауып жатады. Білім беру, креативті экономика, сондай-ақ туризм мен спорт та жеңілдетілген несие алатындардың негізгі тізімінде. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге үлкен қолдау болған «Almaty Business» бағдарламасын жалғастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жақын уақытта мәслихаттың қарауына жіберіледі. Жобаның талаптары мен тәртібін бұрынғы қалпында қалдырсақ деген ұсынысымызды жаздық», – деді«Almaty» МҚҰ басқарма төрағасы Берік Тұрғанбаев.
Аудандар бойынша қарайтын болсақ, қай өңірде бизнестің қарқынды дамып жатқанын аңғаруға болады. Аумақтық бөліністе ең көп жоба, 141 несие Бостандық ауданында қолдау тапқан. Одан кейін Алатау ауданына 110, Алмалыға 88 несие берілген. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында қалада шамамен үш мың жаңа жұмыс орны құрылған. Ал бюджетке төленген салық көлемі 3 млрд теңгеге жетіпті. Жауаптылар шағын және орта бизнесті қолдау алдағы уақытта да дәл осылай жалғасын таба береді деп отыр.
Оқи отырыңыз: «Отбасы банк» үй кезегінде тұрған азаматтарға қатысты қандай өзгеріс жариялады