Алматы – елдің цифрлық алаңына айналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы – Қазақстанның басты сауда орталығы ретінде позициясын нығайтты. Өйткені, мегаполис өзге өңірлерге қарағанда сыртқы және бөлшек сауда айналымы, онлайн тапсырыс пен логистика көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ елдегі шағын және орта бизнестің көп бөлігі осы шаһарда орналасқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы – тек базарлар мен дүкендер, сауда орталықтары ғана шоғырланған қала емес. Алматы – бөлшек және көтерме сауда, қоймалар, логистика қызметі, маркетплейстер мен банктер, онлайн тапсырыс пен шағын және орта бизнес қатар жұмыс істейтін елдегі ең ірі іскерлік алаң саналады. Бұған дәлел, тек өткен жылдың қорытындысы бойынша шаһардағы жалпы сауда көлемі 24 триллион теңгеден асқан. Ал бөлшек сауда шамамен 9 триллион теңгеге жетіп, ел бойынша үлестің 33,7 пайызын құрады. Яғни республика бойынша сауданың үштен бір бөлігі Алматыда қайнап жатыр деген сөз. Әрине, бұл ретте өз ісін дөңгелетіп, қала экономикасына пайда әкеліп отырған кәсіпкерлерді қолдаудың маңызы зор. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік осал топтарға арналған бастамаларды іске қосу, жергілікті нарықты дамытып, отандық тауарлар мен қолөнер өнімдерін көптеп өндіру мәселесі қолға алынған. Бұдан бөлек, экологиялық жобалар мен қала тұрғындарына арналған сервистерді дамытуға да басымдық беріліп жатқан көрінеді. 

«Алматы – Қазақстанның жетекші іскерлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтты. Қаланың сауда саласындағы нақты көлем индексі бір жыл ішінде шамамен 108%-ға жетті. Бұл тұтынушылық белсенділіктің тұрақты өсімі мен мегаполистің сауда инфрақұрылымының дамып жатқанын көрсетеді», – дедінген ¤Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алматының аталған нарықта позициясын нығайтуына көтерме сауданың да ықпал еткенін айта кету керек.Неге десеңіз, былтыр мегаполисте оның көлемі 19 триллион теңгеден асып, республикадағы үлесі 36 пайыздан жоғары болған. Бұл дегеніміз – шаһар тек сауда жасайтын орын емес, сонымен қатар тарату алаңы ретінде де жұмыс жасайды деген сөз. Яғни, тауарлар қалаға ірі партиямен жеткізіледі, кейін ол дүкендерге, аймақтарға, маркетплейстер мен тұтынушыларға жөнелтіледі. Ал бөлшек саудада азық-түлікке жатпайтын өнімдердің үлесі басым екен. Өткен жылы мұндай тауарлар 6,5 триллион теңгеге сатылған. Ал ішіп-жем өнімдерінен түскен қаражат 2 жарым триллион теңгенің төңірегіне жеткен. Бұл көрсеткіш Алматыда тек азық-түлікке ғана емес, сондай-ақ, киім-кешек, техника, жиһаз, автокөлік пен электроника, құрылыс және тұрмыстық тауарлар секілді өнімдерге де сұраныстың жоғары екенін аңғартады.

Ал елдегі бөлшек сауданың көлемі қаңтар мен наурыз айларының аралығында 5,2 триллион теңгені құраған. Ал оның шамамен 1,6 триллион теңгесі Алматыға тиесілі. Бұл – республика бойынша жалпы соманың үштен бірі деген сөз. Көтерме сауда сегментінде де мегаполис бірінші орында тұр. Көрсеткіш 4 триллион теңгенің төңірегіне жетіп, елдегі жалпы көтерме сауданың 37 пайызынан асқан. Сондай-ақ қалада электронды коммерцияның да ықпалы артып келеді. Бүгінде мегаполис республикадағы онлайн бөлшек сауданың 95 пайыздан астамын қамтып отыр. Бұған шаһарда интернет арқылы тауарлар сатып, қызметін ұсынатын компаниялардың көптеп шоғырлануы себеп. Алматы – елдің тек негізгі сауда орталығы ғана емес, сондай-ақ цифрлық алаңына да айналып барады деуге негіз бар.

Оқи отырыңыз: Алматыда психологиялық көмек көрсетудің бірыңғай 1303 нөмірі енгізілді

Новости партнеров