Алматының экономикасы қарқынды дамып келеді. Биылдың бес айының қорытынды бойынша инвестиция белсенділігі 28 пайызға өсті. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,5 процент. Өсу көрсеткішінің қарқыны барлық секторда байқалады. Бұл туралы Алматының Экономика басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өнеркәсіп өндірісінің динамикасы қуантады. Нақты көлем индексі 114,1 пайызға жетті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде өсім деңгейі жоғары – 16,2 процент. Құрылыс секторы да жоғары қарқынмен дамуда. Орындалған жұмыс көлемі 200,4 млрд теңге, бұл 24 пайызға тең. Нәтижесінде 1,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сауда саласында да оң динамика бар: жалпы өсім 4,4 процент, соның ішінде бөлшек сауда – 7,9, ал көтерме сауда – 3 пайыз. Көлік пен қойма қызметі көлемінің 24,4 пайызға артқаны байқалады. Бұл мегаполистің логистикалық және іскерлік белсенділігінің жандануын көрсетеді. Байланыс секторы 3,3 процентке тұрақтады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 714,4 млрд теңгеге жетті. Салымның едәуір бөлігі – 557,5 млрд теңге, жеке инвесторлар есебінен қамтамасыз етілді. Бұл бизнестің қала экономикасына деген сенімін растайды.
Айналым мен сыртқы сауда өсуде. Биыл қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымының көлемі 7,8 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт 7 процентке, импорт 2,2 пайызға өсті
Алматы – еліміздің экономика, өнеркәсіп және инвестиция орталығы екенін тағы бір дәлелдеп отыр.
Оқи отырыңыз: Алатау ауданында 8 жаңа мектеп ашылады