Зерттеу нәтижесі бойынша Алматы жоғары көрсеткішке ие
Алматы мен Астана Boston Consulting Group (BCG) жүргізген Cities of Choice 4.0 зерттеуінде Орталық Азия және Каспий өңіріндегі салыстырмалы қалалар арасында жоғары көрсеткішке ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Exclusive-ке сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижесі бойынша Алматы 53, ал Астана 52 балл жинаған. Салыстыру үшін, Баку 49, Ташкент 45 балл алған.
Сонымен қатар Қазақстанның екі мегаполисі де өзгеру қарқыны бойынша әлемдегі үздік 20 қаланың қатарына кірді. Бұл көрсеткіш бойынша Астана 77, Алматы 71 балл жинады. Алматыда қалалық ортаның даму динамикасы жоғары бағаланса, Астанада әлеуметтік капитал мен қалалық ортаның сапасына ерекше назар аударылған.
Зерттеуде қалалардың қарқынды өсуі инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып отырғаны да айтылған. 2015–2025 жылдар аралығында Астана халқы шамамен 78 пайызға, Алматы тұрғындарының саны 39 пайызға өскен.
BCG болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстан халқының 31 пайыздан астамы Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тұруы мүмкін.
Сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға дейін аталған үш қаланың инфрақұрылымын дамытуға тұрғын үй құрылысын есептемегенде кемінде 13,7 миллиард доллар инвестиция қажет болуы ықтимал.