Алматыда қанша ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді

17.06.2025 18:52
Almaty.tv

Алматыда өнеркәсіптік өндіріс көлемі артып келеді. Биыл соңғы 5 айда өндірілген өнімнің жалпы құны 976 миллиард теңгеден асқан. Бұл қаланың экономикалық әлеуеті мен өңдеу секторының тұрақты дамуын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ең жоғары өсім машина жасау саласында тіркелген. Бұл бағыттағы өндіріс көлемі 36,3 пайызға артқан. Ал саладағы негізгі үлес автомобиль өндірісіне тиесілі. Оның пайыздық мөлшері 36,1. Өзге де салаларда оң динамика байқалады. Мәселен, тамақ өнімдері өндірісі біршама өсіп, 135 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,6 процентке көп. Ал минералды өнімдер өндірісі 25,6, сусын өндірісі 16,7 пайызға артқан. Сонымен қатар, полиграфия саласында 27,3, қағаз өнімдерінде 1,9, ал, пластмасса және резина өндірісінде 4,2 процент өсім бар. Сондай-ақ химия өнеркәсібі 12, фармацевтикалық өндіріс 14,2 , киім өндірісі 18,8, дайын бұйымдар өндірісі 10,2, ал ағаш бұйымдары 35,2 пайызға ұлғайған.

Алматыда 144 ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Жетісу, Түрксіб және Алатау аудандарында орналасқан. Аталмыш аудандар индустриялық кластерлердің негізгі орталығына айналып отыр. Шаһарда инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Биыл Индустриалды аймақта жалпы құны 135,4 миллиард теңгеге 11 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Ал «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 6 жоба жүзеге асып, 18,5 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Демек 415 азамат жұмыспен қамтылады. Қалада 15 шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істеп тұр. Оларға бүгінге дейін 5,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1527 жұмыс орны құрылған. Ал 2027 жылға дейін тағы 35 жаңа парк салу жоспарда бар. Бұл мақсатқа 21,8 миллиард теңге бағытталып, 4265 адамға тұрақты жұмыс орны ұсынылмақ.

Оқи отырыңыз: Алматыда Мүсірепов атындағы театр жанындағы сквер көркейтіледі