Саяжай халқы бар мәселеге қауымдастық басшылығын кінәлайды
Атырауда саяжай тұрғындарының ауыз судан тарығып жүргеніне жеті жыл болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тамшылап аққан су мұндағы тұрғындарды титықтатып болған. Тіршілік нәрі тек аптаның үш күнінде беріледі. Оның өзі сорғалап ғана ағып, шелек асынған жұртты сағаттап кезекке тұрғызады. Су алып үлгермегендер сатып алуға мәжбүр. Бірақ халық ай сайын қыруар қаржы төлейді.
«Су сәрсенбі, сенбі, жексенбі түске дейін беріледі. Суды жоқ деуге болады. Бәлен жылдан бері ақша алып келе жатыр. Бірақ ешқандай есеп бермеді», – деді бау-бақша қауымдастығының тұрғыны Ринат Қабдуллин.
Саяжай халқы бар мәселеге қауымдастық басшылығын кінәлайды. Сондықтан олар төраға орнын босатсын деп талап қойып отыр. Жұмысын жарытпайтын өкіл көпшілікке еш есеп-қисап та көрсетпеген.
«25 сәуірде 10 адам жиналысқа бардық. Есеп сұрағанбыз, қолымызға 2017 жылы жасалған есеп берілді. Сондықтан кім қарыз, ақша қайда кетіп жатыр, білмейміз?», – деді бау-бақша қауымдастығының тұрғыны Ғабит Казимов.
Тұрғындарды тұқыртқан түйткілді тыңдауға келген бау-бақша қауымдастығының төрағасы «бар мәселеге су сорғысының әбден тозуы себеп» дейді. Ал жиналған қаржы оңды-солды шашылмай, ел игілігі үшін жұмсалған көрінеді.
«Сорғы сынып қалды, оны 500 мыңға жөндеттім. Елу жылдан бері тозығы жеткен, оның қондырғысы таптырмайды. Жайықтан су сору үшін жуан пластикалық құбырға ақша керек», – деді Бау-бақша қауымдастығының төрағасы Әліп Ғұмаров.
Қауымдастық төрағасы жауапкершіліктен жалтармайтынын айтты. Ол көпті толғандарған сұрақтың шешімін табамын деп отыр. Әзірге қаржы қолбайлау деген басшы тоз-тозы шыққан су сорғысын ауыстырып, жаңасын орнататынын жеткізді.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Сүйіктісін пышақтап өлтірген: Шымкентте күдіктіге қатысты сот отырысы басталды