Алматыда жасалған электрлі автобустар Еуропаға жөнелтілді

14.07.2026 16:07

Отандық автобус өндірісі экспорт көлемін ұлғайтып жатыр

Биыл Экспорттық акселерация мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан шетелмен жалпы сомасы 146 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бағдарламаға қатысу үшін 253 өтінім түсіп, 125 компания іріктелді. Солардың ішінде алматылық электрлі автобус шығаратын мекеме Германиямен ірі келісімге келген.

Бес қоғамдық көлік Еуропаға жөнелтіліп те үлгерген. Ал экологиялық таза қоғамдық көліктердің қалған партиясын жыл соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл кәсіпорын Пәкістанға 600 автобусты жөнелтуге уағдаласқан. Келісім құны 105 миллион АҚШ долларын құрап, ел бюджетіне едәуір пайда әкелген.

Өндіруші мекеме бүгінде еуропалық стандартқа сай қоғамдық көліктер шығаруда көш бастап тұр. Алыс-жақын шетелден, соның ішінде Өзбекстан, Грузия, Сауд Арабиясы сынды мемлекеттерден сұраныс артқан.

Жылына 1500 көлік шығаратын зауыт биыл өндіріс қуатын 3000 данаға жеткізуді көздеп отыр.

Айта кетейік, Экспорттық акселерация мемлекеттік бағдарламасы отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін дамытуға және олардың халықаралық нарықтардағы позицияларын нығайтуға бағытталған.

«Бағдарламаға қатысу үшін 253 өтінім келіп түсті. Компаниялармен жеке сұхбаттар өткізілді. Оның нәтижесінде 125 қатысушы іріктелді. Бағдарлама аясында алғашқы практикалық нәтижелер де бар. Ауғанстанға ұйымдастырылған сауда-экономикалық миссияның қорытындысы бойынша әлеуетті жеткізу көлемі 145 миллион АҚШ долларынан асатын меморандумға қол қойылды. Ал Таиландта бір миллион АҚШ долларына экспорттық келісім жасалды», – деді компанияның Экспорттық акселерация департаментінің аға менеджері Гүлнәр Сейітжаппарова.

«Қазіргі таңда жөнелтіліп жатқан автобустарымыз – біз үшін ерекше мақтаныш. Көп жылғы еңбегіміздің нәтижесі болған өніміміздің Германияға жеткізілетін 52 автобусы бойынша келісімге қол қойылды. Соның бес автобусы көлік жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты кезең-кезеңімен жөнелтіледі. Алғашқы бес автобус бойынша бүгін кедендік құжаттар толық рәсімделді», – деді отандық компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділхан.

Оқи отырыңыз: Шілдедегі жауын-шашын құрғақшылықтың әсерін азайтты