Алматыға келетін туристер саны артып келеді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Туристер ең көп баратын орындардың көшін Көк-Төбе бастап тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы – еліміздегі туристер ең көп келетін қалалардың бірі. Мегаполиске шетелдік қонақтармен қатар, еліміздің өзге өңірлерінен де саяхатшылар жиі келеді. Мамандар мұны қаланың жылдан-жылға көркейіп, туристерге қолайлы жағдайдың жасалуымен байланыстырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Өткен жылы Алматыға 2 487 889 турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға көп. Оның ішінде 1,7 миллионнан астамы – қазақстандық туристер болса, 754 мыңнан астамы – шетел азаматтары. Ішкі туристер саны 4,8 пайызға, ал шетелдік қонақтар легі 9,9 пайызға артқан.

Мамандардың айтуынша, туристер санының көбеюі қала экономикасына да оң әсерін тигізіп отыр. Шетелдік саяхатшылардың Алматыда жұмсаған қаржы көлемі 40 пайызға өссе, көрікті жерлерге бару көрсеткіші 73 пайызға артқан.

Туристер ең көп баратын орындардың көшін Көк-Төбе бастап тұр. Мұнда саяхатшылардың 12,8 пайызы барады. Одан кейін Вознесенск кафедралды шіркеуі – 12 пайыз, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі – 7,2 пайыз, Көк базар – 6,4 пайыз және Арбат – 4,64 пайыз көрсеткішпен орналасқан.

Сонымен қатар Тұңғыш Президент саябағы, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі және Алматының Орталық мешіті де туристер жиі баратын орындардың қатарында.

«Биыл қаламызға келетін туристер саны 2,5 миллионнан асады деп болжап отырмыз. Бізге ең көп саяхаттайтындар Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан және Түркиядан келеді. Қытай азаматтарының санының артуына визасыз режимнің енгізілуі оң әсер етті. Сонымен қатар тікелей әуе рейстері көбейіп жатыр. Қазір қала қонақтарына барынша қолайлы жағдай жасау үшін бірыңғай мобильді қосымша әзірленіп жатыр», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова (аударма).

Мамандардың пікірінше, туристер ағынының артуы қонақүй бизнесі мен қоғамдық тамақтану саласының дамуына серпін беріп, қызмет көрсету сапасының жақсаруына ықпал етіп отыр.

Оқи отырыңыз: Астанада үш жаңа өндіріс орны іске қосылды