«Даму» қоры Алматы кәсіпкерлеріне қандай қолдау көрсетуде

25.06.2026 21:56

Биыл  қор 46 млрд теңгеге 300-ден астам жобаны қолдады

Алматыда «Даму» қоры жыл басынан бері 46 млрд теңгеге 300-ден астам жобаны қолдады. Ал қор жұмыс істегелі бері қалада жалпы сомасы 2,6 трлн теңгеден асатын 21 мың жоба қолдау тапқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында «Даму» қоры жалпы несие сомасы 315,7 млрд теңге болатын 1,4 мың жобаны қолдаған. Бизнесті демеу жұмысы биыл да жалғасты. Тек биылғы бес айда ғана жалпы сомасы 46 млрд теңгеге жуық 304-тен астам шағын және орта бизнес жобасына көмек көрсетілді. Ал қор жұмыс істегелі бері қалада жалпы сомасы 2,6 трлн теңгеден асатын шамамен 21 мың жоба қолдау алыпты.

«Даму» қорының негізгі міндеті – шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік белсенділікті дамыту мен жаңа жұмыс орнын құру. Алматы – еліміздегі ең үлкен іскерлік орталық, сондықтан мұнда кәсіпкерлерді қолдауға да көп көңіл бөлінеді», – деді  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің директоры Жандос Нұрғазинов.

Былтыр 353 жоба 55,5 млрд теңге көлемінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау алды. Сонымен қатар 432 жоба 91,2 млрд теңге сомасына кепілдендіру тетігін пайдаланса, тағы 589-ы 168,9 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға ие болды.

Қолдау көрсетілген жобаларды іске асырудың арқасында кәсіпкерлер 5,4 трлн теңгенің өнімін өндірген. 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 21 мыңға жуық жұмыс орны сақталыпты.  Қаржыландырудың жалпы көлемінің үштен бірінен астамы – 100,4 млрд теңге өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Сондай-ақ көлік және логистика, туризм, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жобаларға да елеулі қолдау көрсетілді.

«Сұранысқа ие тетіктің қатарында - несиелерді кепілдендіру, «Өрлеу» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несиелеу, жылдық мөлшерлемесі 12,6% болатын лизингтік қаржыландыру, несие сомасы 7 млрд теңгеге дейін, мерзімі 10 жылға дейін. Сондай-ақ «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмі бар. Көп жағдайда кәсіпкерлердің жобасы өміршең болғанымен, кепілдік мүлкі жеткіліксіз болып қалып жатады. Мұндай жағдайда қор банк алдындағы несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді. Жеңілдетілген несиелер көбіне мына мақсатқа беріледі», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің директоры Жандос Нұрғазинов.

 Қаржы жабдықтар сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға, бизнес нысандарын салу мен кеңейтуге, айналым қаражатын толықтыруға және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға жұмсалады.

Қаржылық қолдаудан бөлек, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес те беріледі. Жеке кәсібін ашуды жоспарлаған азаматтарға арналған «Арманнан іске» бағдарламасы – жаңа бағыттың бірі. Оған қатысушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтіп, бизнес-жобаларды әзірлеу кезінде сүйемелдеуге ие болады. Кейін олар Қордың 90%-ға дейінгі кепілдігімен 200 млн теңгеге дейін жеңілдетілген қаржыландыруға үміткер бола алады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар визасыз қайда бара алады