Қазақстан экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі – Президент

depositphotos
depositphotos

Сондай-ақ Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл-аймақтарды дамыту, қалалардың инфрақұрылымын жаңғырту және әлеуметтік маңызы бар нысандар салу мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, ауыл тұрғындарының лайықты өмір сүруіне жағдай жасау жұмыстары тұрақты бақылауда. Сонымен қатар ол қалалардың экономика, білім және технологияны дамытудағы, таланттарды шыңдаудағы рөлін атап өтті.

«Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы керектігін айтты. Сондай-ақ Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды.

Президент қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын маңызды мемлекеттік міндет ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл талап «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

Қазақстанның экономикалық әлеуеті инфрақұрылымды дамытуға бағытталады

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға ерекше мән берілетінін жеткізді.

Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асатынын айтты. Сондай-ақ экономика көлемі бойынша еліміз әлемде 47-орынға көтеріледі деп болжанып отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібінің де қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан асқан.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл әлеует инфрақұрылымды жаңғыртуға және еліміздің барлық өңірін дамытуға бағытталуы керек.

Осыған байланысты Президент Үкіметке бүкіл ел бойынша қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуды көздейтін ауқымды құрылыс бастамасын белсенді жүзеге асыруды тапсырды.

Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.

Бұл жұмыстарды іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың ел байлығын сақтау, оны көбейту және қазіргі әрі келешек ұрпақтың игілігіне пайдалану маңызды екенін айтты.

Президенттің сөзінше, Ұлттық қор көп жыл бойы өзінің негізгі міндетін атқарып, елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.

«Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы келешек ұрпақтың игілігі үшін қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өзекті мәселелерді кейінге қалдырмай, әрқайсысының шешімін табу керектігін жеткізді.

«Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді Президент.