Елдегі балалардың 34 пайызы сауданы қолма-қол ақшасыз жасап жүр
Дүкендерде өз бетінше төлем жасау, асханадан тамақ алу, жақсы баға үшін қаржылай сыйлық. Бүгінде Қазақстандағы әрбір үшінші бала онлайн-сауда жасап жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мектеп табалдырығын енді аттаған бала да, жоғары сынып оқушылары да қаржы ұйымдарының қосымшасын жүктеп алған. Ал ата-аналары перзенттеріне қажет уақытта керек ақшасын онлайн аударып отырады. Ранкинг.кз порталының дерегінше, елдегі балалардың 34 пайызы сауданы қолма-қол ақшасыз жасап жүр. Ал 50 пайыздан астамы жеке карта жасатып алған. Жаһанданған заман дейміз бе, әлде цифрлық технологияның дамығаны ма, салдарынан қағаз ақшамен алыс-беріс деңгейі төмендеп кеткен. Қазір жастардың тек 2 пайызы ғана дүкендегі тауарды телефондағы ақшамен емес, қалтадағы қаржымен сатып алатын көрінеді. Ең қызығы, онлайн-сауданы ата-аналарқұптап отыр.
"4 немерем мектепте оқиды. Кейде сабаққа ерте кетіп қалады тамақ ішпейді. Сол кезде анасынан ақша сұрайды.Сол кезде картасын ашып береді. Бірақ бақылауда ұстайды", – деді қала тұрғыны Гүлзира Әбірова.
"Ата-ана ретінде тиімді деп ойлаймын. Балам асханаға барды, біреу қағып кетіп, ақшаны жоғалтып алды. Ал екінші жағынан, бала үзіліс кезінде телефонмен ойнап отырады", – деді ата-ана Айгерім Жанайдарова.¤
Ата-аналар ақшаны баланың қолына ұстатып жіберіп, оның қайда және қалай жаралғанын білмей отырғанша, төлем картасы арқылы бәрін бақылауда ұстағанды хош көреді. Десе де, онсыз да гаджетке үңіліп, бас көтере алмай жүргенде, одан сайын телефонға телміріп қала ма деп те алаңдайды. Бұл жөнінде біз мамандардың пікірін білдік. Экономист-сарапшының сөзінше, бұған дейін ата-аналардың басын қатырған смартфондар - бұл тұста дұрыс кәдеге жарап жатыр. Банк қосымшасы - балалардың қаржылық сауатын арттырады, ақшаны орнымен жұмсауға дағдылайды, кіріс-шығыстың не екенін үйретеді. Ал алаяқтар балалардың банк картасына бас сұға қоймайды. Өйткені, онда қаражат аз, оқушы оны майда-шүйде керегіне жаратады. Тек қауіпсіздік жағын ұмытпау керек.¤
"Электронды цифрлық валютаның айналымдағы көлемі артып келе жатыр және оның айналымдағы үрдісі қолма-қол ақшадан да асып кетті. Сондықтан алдағы уақытта цифрлық валютаның қолданысы кеңейе береді, ал қолма-қол ақша қысқара береді. Менің ойымша балаларға қолма-қол ақшаны ұстатып үйреткенімен, бәрібір ертең цифрлық валютамен күн көреді", – деді экономист, сарапшы Мақсат Халық.
Мамандар «айшылық алыс жерден, жылдам хабар алғызған» заманда балаларды да цифрлық технологияға дағдылаған абзал»дейді. Десе де, таяқтың екі ұшы бар. Сондықтан әр ата-ана өз таңдауын жасайтыны хақ. Ал банктер үшін мұның тиімді тұсы көп екені анық. Әрбір қазақстандықта кем дегенде 3 банк картасы бар. Бұл – соңғы 10 жылда айналымдағы карталар саны 5 есеге көбейді деген сөз. Бұл тек бізде емес, әлемде қолма-қол ақшаға сұраныстың азайғанына дәлел.Ал елімізде мектеп жасындағы балаларға карта ашу мүмкіндігін 7 қаржы ұйымы ұсынып отыр. Олар онлайн-саудадан бөлек, оқушылардың оқу үлгеріміне де ықпал етуде. Жақсы баға үшін ақшалай бонус беріп, ынтасын ашады, депозитте қаражат жинауды үйретеді. Ал жастайынан банк қосымшасы арқылы қаржылық сауаты артқан баланың сол мекемеге сенімі артады. Банк өзінің болашақ тұтынушысын даярлайды. Айналымда артық ашаның жүруі, одан түсетін табыс қаржы ұйымы үшін артық етпейтіні белгілі.
Аяулым Көлжігіт
Оқи отырыңыз: Халықтың жалақысы неге өспейді - министр жауап берді