Халықтың жалақысы неге өспейді - министр жауап берді

elements.envato.com
elements.envato.com

2025 жылдан бастап шенеуніктердің кірісі жарияланады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан экономикасы өскенімен, халықтың жалақысы көтерілмей отыр. Елімізде 150 мың мен 300 мың теңге аралығында айлық алатындардың үлесі 35 пайыз. Ал 300 - 600 мың теңге айлық үшін 36 пайыз адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларының аралығында ел экономикасының өсімі 4 пайызды құраған. Сала министрі Нұрлан Байбазаров «қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде үшінші ай қатарынан көрсеткіштің жоғарылағанын байқап отырмыз» деп баяндама жасады. Бүкіл бағыт бойынша сандарды маржандай етіп тізген ведомство басшысына елдің экономикасымен бірге, халықтың жалақысының қалай өспей жатқаны туралы сауал қойылды. Бұл сұраққа министр айлықты көтеруге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз деп қысқа жауап берді.

"Мемлекеттен қолдау алып отырған кәсіпорындарға жұмысшылардың жалақыны көбейтуді талап етеміз. Ал енді бюджет саласына келетін болсақ, мемлекеттік қызметшілерге, азаматтық қызметшілерге жалақыны көбейту жұмысы жүргізілді", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Келесі жылдан бастап шенеуніктердің кірісі жарияланады. Мемлекеттік қызметшінің қанша мүлкі бар, неше көлігі бар екенін ашық дереккөзден көре аламыз. Қаржы министрі Мәди Тәкиев алғашқылардың бірі болып декларациясын көрсететінін жеткізді. 

"2025 жылдан бастап жеке тұлғалар декларация тапсыра бастайды. Сонымен қатар саяси қызметшілердің міндетті табыс декларациясы туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болады. Бірақ президент, премьер-министр, сенат пен мәжіліс спикерлері, ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура және ішкі істер министрлігі басшыларының деректері  жұмысының ерекшелігіне байланысты жарияланбайды", – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев

Доллар бағамына қатысты болжамдар да айтылды. Нұрлан Байбазаров «АҚШ ақшасы 600 теңгеге дейін қымбаттайды деген қауесетке сенбеуге» шақырды.. Министрдің сөзінше, доллардың биыл жоспарланған бағамы – 460 теңге.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жылыту маусымы: Олжас Бектенов жалған ақпарат берген адамдар жауапкершілікке тартылатынын айтты

Новости партнеров