Қазақстанда атом станциясының салынуы ел экономикасын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық қадам

17.12.2025 12:11

Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін күшейтіп, экономиканы жаңа сапалы деңгейге шығарады

Depositphotos.com

Мемлекет басшысы қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанын алға тартып, атом станциясының құрылысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңызына назар аударды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президенттің пайымдауынша, бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді.

– Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді. Жалпы, дүние жүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің энергетика саласына ықпал ететіні сөзсіз. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр десек, артық болмайды. Бұған сақадай сай дайын болғанымыз жөн. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді, – деді Президент.