Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді
Елімізде биылдан бастап бюджет қаржысын тиімді игере алмаған бірінші басшыларға әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр 73 адам айыппұл арқалапты. Жалпы жауапқа тартылғандардың ішінде вице-министр мен комитет басшылары да бар. Бүгін Мәжілісте 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін баяндаған Қаржы министрі мен Жоғары аудиторлық палата төрағасы біраз деректер келтірді.
Биыл Мәжіліске үшінші рет келген еліміздің бас аудиторы Әлихан Смайылов бұл жолы жалғыз емес. Жанында Қаржы министрі бар. Мәди Такиев депутаттарға былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін баяндады. Жинақы жазылған баяндамасын мінберде тұрып оқып берген Такиев қобалжыды ма, әйтеуір қара терге түсті. Айтуынша, 2024 жылы республикалық бюджетке 19,6 триллион теңге түскен. Бұл кіріс жоспарланған сомадан 608,6 миллиард теңгеге аз екен. Министр кірістер бойынша түсімдердің төмендеуіне бірқатар фактор әсер етті деп отыр.
«Біріншіден, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты кейбір өндіріс көлемінің қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты 188 ірі кәсіпорын бойынша түсімдер 1,4 триллион теңгеге азайды. Екіншіден, бюджет есебінен 1 триллион 216 миллиард теңге сомасында қосылған құн салығын рекордты мөлшерде қайтару орын алды. Үшіншіден, есепті жылы негізгі экспорттық металдар бағасының құбылмалығы сақталды. Төртіншіден, үшінші елдерден келетін импорт көлемі 2,0 миллиард АҚШ долларына азайды», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың өз есебі бар. Айтуынша, былтыр салық жинау көлемі 2023 жылға қарағанда 2 триллион теңгеге төмендетілген. Алайда қайта түзетіліп, нақтыланған жоспар да орындалмай, 609 миллиард теңге аз болып шыққан. Яғни, болжам ақталмай қалған. Смайылов өткен жылы 249 ірі салық төлеушіге мониторинг жүйесіз жүргізілген деп отыр. Нәтижесінде Үкімет күткен қосымша кіріс өте аз болып, бар болғаны 643 миллион түскен. Жалпы былтыр салық жинау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға азайған.
«Бұл факторлар қарыз алудың ұлғаюымен қатар Ұлттық қордан берілетін трансферттерді де көбейтуге мәжбүрледі. 2024 жылы оның көлемі 5,6 триллион теңгені құрады. Өткен жылы Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай ұымдарының саны қысқарды. 2023 жылмен салыстырғанда Ұлттық қор активтерінің деңгейі жалпы ішкі өнімге 7 %-дық тармаққа төмендеді. Бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 2,6 %-ы диапазонында ұстау мақсаты орындалмады», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов
Мәжілісмендер Үкімет мүшелерінен республикалық бюджеттің есебін тәптіштеп сұрады. Өйткені бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кемшіліктер бар. Нұртай Сәбильянов 2024 жылы Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін компаниялардың саны 8 жарым есеге қысқарғанын, салдарынан қорға 166 миллиард теңге түспегенін айтты. Депутат Қаржы министрінен компаниялардың саны не себепті қысқартылғанын сұрады. Өз кезегінде Мәди Тәкиев мұндай ақпаратты жоққа шығарды.
«2020 жылдан бастап сандары өсіп келе жатыр. 2020 жылы 155 компания болса, былтыр 204, бүгінгі таңда 211-ге жетті. Олардың ішінде 24 компания 97 пайыз салығын төлейді», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Ал,Нұргүл Тау болса мұғалімдерді даярлауға бюджеттен миллиардтап қаржы жұмсалса да, мамандардың 90 пайызы жұмыс таба алмай отыр деп кейіді. Есебінше, 35 мыңнан астам педагог екі қолға бір күрек таба алмай жүрсе, 60 мың мұғалімнің жұмысқа тұрған-тұрмағаны туралы деректер мүлдем жоқ. Осы тұста министр Саясат Нұрбек жауаптан сүрініп кетті. Бірді айтып, бірге кеткен министрдің жауабы депутаттар түгілі Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа да жақпай қалды.
«Бұл – министр мырза өте маңызды мәселе. Мемлекеттің ақшасы далаға шашылып жатыр деген сөз. Депутат сол мәселені көтеріп отыр» , – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов
Бүгінгі отырыста Қаржы министрі мен Жоғары аудиторлық палата төрағасының баяндамасын тыңдаған Қазақстан халық партиясы, «Ақжол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары Үкіметтің есебін қабылдаудан бас тартты. 91 депутаттың 72-сі жақтап дауыс берсе, 17-сі қарсы дауыс берді, тағы екеу қалыс қалды.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Жеке деректер тарады: мемлекеттік ақпараттық жүйелерге хакерлік шабуыл жасалмады