Бюджет тапшылығын қалай азайтамыз - Олжас Бектенов маңызды өзгерістерді атады

14.10.2026 18:32

Үкімет келесі жылға арналған шығыстарды 6,7 триллион теңгеге қысқартқан

Үкімет келесі жылға арналған шығыстарды 6,7 триллион теңгеге қысқартқан. Премьер-министр Олжас Бектенов бастапқыда 36,9 триллион теңгеге өтінім түскенімен, 2027 жылға арналған бюджет 30,2 триллион теңге көлемінде бекітілгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv 

Құрылтайға 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылған еді. Бүгін құжат бірінші оқылымда қаралды. Отырыста депутат Әсел Хаирова алдағы үш жылда мемлекеттік қарыз 59 триллион теңгеге дейін өсетінін айтып, соған қарамастан қарызға қызмет көрсету шығындарының өзгеріссіз қалуы күмән тудыратынын жасырмады. Сөзінше, 2027 жылы қарызды өтеуге 3,6 триллион теңге қарастырылса, экономиканы дамытуға 3,5 триллион теңге жоспарланған. Ал қаржы министрі Мәди Тәкиев болса, мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 20,9 пайыз екенін, яғни белгіленген 32 пайыздық шектен аспайтынын алға тартты.

"Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейі төмен. Мұны халықаралық сарапшылар да растап отыр. Бұл бізге оны ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін әрі қарай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар соңғы уақытта еліміздің кредиттік рейтингтері де өсіп келеді. Бұл біздің сенімді қарыз алушы екенімізді және мемлекеттік қарызды дұрыс басқарып отырғанымызды көрсетеді", - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Бірнеше жыл бас аудитор болған, есеп-қипсапқа жақын депутат Наталья Годунова бюджет тапшылығын қысқарту жоспарына күмәнмен қарады ма, әйтеуір Бектеновтен оның қаншалықты шынайы екенін сұрады. Сөзінше, үш жылдық жобаға сәйкес, 2027 жылы тапшылық 4,6 триллион теңгеге жетіп, 2029 жылға қарай 1 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс. Депутат бұл мақсатқа қандай шаралар арқылы қол жеткізілетінін сұрады. Премьер Олжас Бектенов тапшылықты азайту үшін бюджет кірістерін арттырып, шығыстар оңтайландырылатынын айтты. Сондай-ақ әлеуметтік көмекті қайта қарап, қаражатты нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, қазіргі жүйеде көпбалалы отбасының ауқатты немесе тұрмысы төмендігіне қарамастан, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл — әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекет көмегіне мұқтаж болмауы керек. Мемлекет тек өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетуі керек және солай болады", - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Депутат Шынасыл Ерназар су шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржының жеткіліксіз екеніне назар аударды. Сөзінше, үш жылда салаға 1 триллион 640 миллиард теңге қажет. Алайда бюджетте небәрі 508 миллиард теңге қарастырылған. Депутат министр Нұржан Нұржігітовтен қалған қаржыны қайдан аласыз деп төтесінен сұрады. Ведомство басшысы жетіспеген қаржыны республикалық және жергілікті бюджеттерден, инвесторлар мен халықаралық институттардан алатын айтты. 

"Аталған қаржы ұйымдарымен, одан бөлек "Азия даму" банкі және "Еуразиялық даму" банкпен тығыз жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы қаржы ұйымдарының тарапынан жетіспейтін қаржы көлемдері толық мөлшерде қамтамасыз етіледі деп жоспарлап отырмыз", - деді  ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 

Көпшіліктің көкейіндегі сауал – ең төменгі жалақы өсе ме? Құрылтай қараған алдағы үш жылдың бюджетінде ол 85 мың теңге болып, өзгеріссіз қалды. Десе де Серік Жұманғарин жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Сөзінше, бұл мәселе Үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатыр. Жақын арада талқылау нәтижелері жарияланады. Ал депутаттар үш жылдық бюджетті бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. 

 Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Республикалық бюджет жобасында адами капиталға 10,5 трлн теңге қарастырылған

Толық көрсету