Цифрлық теңге: Бюджет қаражатының ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі

13.11.2026 20:56

15 қараша – Ұлттық валюта күні

15 қараша – Ұлттық валюта күні. Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл толады. Осы уақыт ішінде қаржы жүйесі жаңа технологияларға бейімделіп келеді. Соның бір көрінісі – цифрлық теңгенің қолданысқа енгізілуі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазір ақшаны қолға ұстамай-ақ, телефон арқылы жарата береміз. Түрлі қызметтің ақысын төлеп, ақша аудару күнделікті өмірімізге әбден сіңіп кетті. Ал соңғы уақытта цифрлық теңге туралы жиі айтыла бастады. Бірақ оның кәдімгі банк картасындағы ақшадан айырмашылығы неде?

Түсіндіріп көрейік.

Цифрлық теңге – криптовалюта емес, ұлттық валютаның жаңа түрі. Оның құны теңгемен бірдей. Алайда картадағы қаражаттан айырмашылығы – оны коммерциялық банктер емес, тікелей Ұлттық банк шығарады. Ол қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен қатар айналымда болады. Қазір цифрлық теңге мемлекеттік жобаларда қолданылып жатыр. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Ғимран Әбдірахмановтың пікірінше, алдағы уақытта оны халық та банк қосымшасындағы арнайы цифрлық әмиян арқылы пайдалана алуы мүмкін.

«Әзірше қарапайым халық оны қолдану мүмкін емес. Тестілеуден өтіп жатыр және тест жобаларда, мемлекеттік бюджеттік жобаларда бағдарламалар арқылы қолдануда. Әрбір банктің ішінде қосымша әмиян пайда болады, соның көмегімен сіз цифрлық теңгені қолдана аласыз. Тіпті офлайн, яғни интернет істемеген кезде де оны қолдануға мүмкіндік бар болады», – деді тәуелсіз қаржы сарапшысы Ғимран Әбдірахманов.

Мемлекет жол салуға, ауыл шаруашылығын қолдауға немесе түрлі жобаларды жүзеге асыруға қыруар қаржы бөледі. Ал сол ақшаның қайда кеткенін, кімге аударылғанын бақылау енді цифрлық жүйе арқылы жүзеге асады. Яғни, цифрлық теңге бюджет ақшасының қайда жұмсалғанын қадағалауға мүмкіндік береді. Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, бұл тетік мемлекеттік қаражатпен қатар, кәсіпкерлік саласындағы қаржы айналымының да ашықтығын арттыруға көмектеседі.

«Жалпы, бұның негізгі тағы да бір мақсаты – бюджеттің көлеңкелі экономикадан арылуына мүмкіндік береді. Өйткені ұлттық қордан бөлінген, басқа да мемлекет тарапынан бөлінген субсидиялар, тағы да басқа көмектердің барлығының негізгі мақсаты анық көрінеді. Оның жүріп өткен жолдарының барлығы да бақылаушы орган тарапынан көзге көрініп тұрады», – деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Қазақстанда 328 миллиард теңге цифрлық айналымда жүр. Ол теміржол құрылысы, жол жөндеу және мал шаруашылығын субсидиялау сияқты бағыттарда қолданылып жатыр. Жалпы, бұл технология 30-дан астам пилоттық жобада сынақтан өткен. Оның көмегімен мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылап қана қоймай, кейбір қаржылық операцияларды жылдамдатуға да мүмкіндік бар. Мәселен, экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару мерзімі 70 күннен 5 күнге дейін қысқарған. Ұлттық банк алдағы уақытта цифрлық теңгенің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Келесі жылдың аяғына дейін жалпы цифрлық теңгенің қолданыс көлемін 2 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, оның ішіндегі ең басым бағыттары мемлекеттік қаржы саласын игеру, инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қор тарапынан бөлінетін Президенттің Жолдауына сәйкес, қаражаттың ашықтығын және оның мақсаттылығын қамтамасыз ету», – деді ҚР ҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне – 33 жыл. Ұлттық валюта – ел тәуелсіздігінің маңызды нышандарының бірі. Бүгінде теңгенің цифрлық нұсқасы пайда болып, экономикада жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Мамандар мұны қаржы жүйесінің заман талабына сай дамуының бір көрінісі деп бағалайды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki жобасы аясында ғылыми зертхана салынады

Толық көрсету