Елде азық-түлік бағасы қымбаттады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде азық-түлік бағасы қымбаттады. Нақтырақ айтсақ, мамырда өнімдер 0,9 пайызға, ал жылдық есеппен 9,6 пайызға шарықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Азық-түлік бағасы ел азаматтары үшін қашанда өзекті мәселе болып қала береді. Еnergyprom.kz талдау порталының мәліметіне сүйенсек, сәуірден мамырға дейін халық күнделікті тұтынатын тауарлардың құны шамамен 1 пайызға өскен. Ал соңғы бір жылдағы өсім 9,6 процентке жетіп отыр.

Бұл инфляциялық қысымның әлі де бәсеңдемей тұрғанын байқатады. Бүгінде баға өсімі әр өңірде әртүрлі. Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын қымбатшылық қатты қысты. Мұнда бір айдағы өсім 2,6 пайызды құрады. Құнның құбылуын Жетісу мен Абай облысының халқы да сезді. Ал Астана қаласы мен Қарағанды облысында айтарлықтай өсім болмаған. Жылдық динамика бойынша азық-түлік бағасы Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Абай облыстары мен Шымкент қаласында күрт өскен. Ал Алматыда жылдық өсім небәрі 8 пайызды құраған. Бұл – ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Көпшіліктің күнделікті тұтынатын жеміс-жидек, көкөніс бағасына келетін болсақ, мамырда жаңа піскен жемістер 2,9 процентке қымбаттаған. Өңделіп, консервіленгені 0,3 пайызға көтерілсе, көкөністер 0,9 процентке өсіпті. Бір қызығы, жаңа піскен көкөністер бір ай ішінде 3,9 пайызға арзандаған. Дегенмен жылдық есеп бойынша өнімдер жалпы 25,1 процентке қымбаттапты.

Бұл – маусымдық ауытқудың нәтижесі. Яғни, көктемде сәл арзандағанымен, жыл бойы баға айтарлықтай жоғары болады. Нақтырақ тоқталайық алма келісіне 751, банан 1100, апельсин 1200, лимон 1500 теңге. Ал көкөністерге келетін болсақ, картоп 276, қырыққабат 212, пияз 204, сәбіз 219, қияр 647, қызанақ 988 теңге. Бұл орташа нарықтық баға екенін ескерген жөн. Себебі өңірлер мен сауда орындарына қарай айырмашылық бар. Сүт өнімдері де бір айда 1 пайыз шамасында өскен. Ал бір жылға шаққандағы қымбатшылық 7 процентке жетіп отыр. Пастерленген сүт майлылығына қарай 417-ден 519 теңгеге дейін сатылып жатыр. Қаймақ 2100, айран 451, ірімшік 2200 теңге. Жалпы сүт өнімдері – әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кіреді, сондықтан бағадағы кез келген өзгеріс халық қалтасына тікелей әсер ететіні анық. Экономистердің айтуынша, құнның құбылуына әкелетін бірнеше фактор бар.

«Бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соңғы уақыттардағы қосылған құн салығын өсіруге қатысты түрлі пікір. Ақыры оны өсіретін болды. Жанар-жағармай бағасы да осы жылдан бастап қымбаттады. Бұл да әлеуметтік маңызы бар тауарларға бірден әсер етеді. Үшінші фактор, өткен жылдан бастап  өскен тарифтердің бағасы. Бұл да белгілі бір дәрежеде энергияның, судың қымбаттауына әсер етеді», – деді экономист Мақсат Халық.

Ал ет пен ет өнімдері 1,3 пайызға қымбаттады. Мұндағы жылдық өсім тіпті 10 проценттен асып кеткен. Нақтырақ айтсақ мамырдағы сүйекті сиыр еті келісіне 3100, қой мен жылқы еті 3200 теңге шамасында сатылып жатыр. Шұжық өнімдері де орта есеппен 7,4 пайызға өскен. Ұн мен нан өнімдерінің құны 0,6 процентке артқан. Ал жылдық өсім көрсеткіші 3,5 пайызға жуықтайды. Жоғары сортты ұн 412, бірінші сорт 222, қарабидай-бидай наны 426 мен 550 теңге аралығында болса, макарон өнімдерінің құны 638-ден 1400 теңгеге дейін жетеді. Ал жарма дақылды өнімдерінің кейбірі жылдық көрсеткішпен салыстырғанда аздап төмендеген. Мәселен  қарақұмық 12, күріш 8,3, ал сұлы 3,3 пайызға арзандаған.

Оқи отырыңыз: Халықаралық Олимпиада күні: Қазақстанда қандай мерекелік шаралар өтеді

Новости партнеров