Елде ипотеканың шекті пайыздық мөлшерлемесі төмендейді

13.06.2025 16:23

16 маусымнан бастап елде ипотеканың шекті пайыздық мөлшерлемесі 20 пайызға дейін төмендейді. Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысы негіз болған.

Жаңа талап артық төлем сомасының азаюына және ай сайынғы төлемдердің төмендеуіне алып келмек. Ең бастысы, баспанаға қолжетімділік артады. Егер сыйақы мөлшерлемесінің белгіленген шекті көлемі бұзылса, азаматтар қайда жүгіне алады? Жаңашылдық қалай жұмыс істейді? Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қаржы сарапшысы Айбар Олжай жауап береді.

– Айбар Қайнарұлы, ипотеканың шекті пайыздық мөлшерлемесі төмендейді. Ал егер банктер ережені бұзып жатса, азаматтар қайда, кімге жүгіне алады?

«Қаржы ұйымдарының барлығы, әсіресе, банктер бұйрықты орындауға міндетті. Бұйрық өз күшіне енген сәттен бастап, шекті мөлшерлеменің пайызын 20 пайыздан асырмайтын болады. Ал егер талап бұзылып жатса, банктер тарапынан, кез келген азамат бұл фактіні тіркесе, Қаржы нарығын дамыту агенттігіне хабарласып, арыз-шағымын жеткізе алады. Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті бар. Ол міндетті түрде арыздарды қарап, шешімін шығарып, банкпен қаржы алу шарасына қатысты мәселерді реттейді».

– Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне пайыз ғана емес, комиссия, сақтандыру және өзге де төлемдер кіре ме? Яғни, олардың да құны төмендей ме?

«Иә, тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі азаматтың кредит бойынша бір жылдық барлық шығынын қамтиды. Оның ішінде банктің комиссиясы бар, өзінің номиналды кредиттік ставкасы бар. Одан бөлек, түрлі комиссиялар, қосымша сақтандыру ақшалары, қандай да бір шығындар, ақшалары, бәрі осы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне кіреді. Номиналды сыйақыға қарағанда, бұл тиімді сыйақы мөлшерлемесі кішкене көбірек болады. Осы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті лимиті 20 пайыздан аспауы керек деген талап бар.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда такси құны 10 пайызға қымбаттады