Қазақстанда такси құны 10 пайызға қымбаттады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда такси құны ТМД елдерінің көшін бастап тұр. Бір жылда бұл қызмет түрінің бағасы 10 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлемдік ірі мәліметтер базасы саналатын Numbeo деректер қорының ақпаратына сенсек, біздің елде таксимен бір шағырым жер жүру үшін кемі 0,78 АҚШ долларын төлеу керек. Яғни шамамен 400 теңге. Расын айтқанда, бұл статистика ешкімді таңқалдырған жоқ. Күн бұлттанып, жауын жауса, такси бағасы бірнеше есеге шарықтап кететіні қалыпты жағдайға айналған. Халық қанша наразылық білдіріп, шағымданғанымен әзірге өзгеріс жоқ.

Numbeo сайтының мәліметтеріне көз жүгіртейік. Қазақстан такси бағасы жағынан 124 мемлекеттің ішінде 87 орынға жайғасқан. Ал ТМД елдері арасында көш бастап тұрмыз. Біздің елде көлікті жалдап, бір шақырым жер жүру құны 396 теңге екен. Бұл - Алматы мен Астанада 2 рет таксиге отырсаңыз, шамамен 10 мың теңгеңіз жоқ деген сөз. Бізден кейін тізімде Әзірбайжан мен Ресей тұр. Бұл мемлекеттерде 1 шақырым жол жүру үшін тиісінше 299 және 228 теңге төлейсің. Ал айыр қалпақты көршімізде такси бағасы арзан. Қырғызстанда бір шақырымдық жол ақысы небәрі 117 теңге екен. Әлемдегі көлік жалдау құны ең қымбат елдер қатарында Швейцария, Люксембург, Бахрейн бар. Ал қалалар бойынша Цюрих, Лондон, Токио екен. Алматы мен Астананың таксиін де кез келген адамның қалтасы көтермесі анық.

«Ең бастысы конкуренция болуы керек. Қазақстандық өнімдер, шетелдік компаниялар бәсекелес болуы тиіс. Сонда бағасын түсіреді. Ондай компаниялар көп болса, сапалы, тіиімді қызмет болатыны анық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов.

Депутаттар бәсекелестік болмай, мәселе шешілмейді дейді. Ал бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс сынды алпауыттарға бірнеше ескеру жасаған. Бірақ одан баға төмендемеді. Ал сарапшылар такси құнының тоқтаусыз өсуінің бірнеше себебін  атады. Біріншіден жанар-жағармай бағасының көтерілуі. Жаңа салық талаптары жүргізушілер санын да азайтып жіберген. Одан кейін, халық қалаулылары айтып отырған бәсекелестік және теңге бағамының тұрақсыздығы.

Жыл сайын таксимен жүретіндер саны артып келеді. Мысалы биыл қаңтар-сәуір аралығында қазақстандықтар 43,9 млн рет таксимен жүрген. Бұл өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда екі есе көп болып шықты. Сарапшылар билік нақты шара қабылдамайынша, такси құны өсуін тоқтатпайды деп отыр.

Оқи отырыңыз: Алматылық төрт студент Германияда оқу тәжірибесінен өтеді

 

Новости партнеров