Онлайн сауда: маркетплейстерден тапсырыс беру қымбаттауы мүмкін

11.10.2024 19:10

Қазақстанда 85 шетелдік компания тіркеліп, заңды жұмыс істеп жатыр

Маркетплейстерден тапсырыс беру қымбаттауы мүмкін. Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті елімізде тіркелмеген онлайн сауда жасайтын қосымшаларды бұғаттамақшы. Бұл – жаңа Салық кодексіне енгізіліп жатқан өзгеріс. Қазірдің өзінде елде 85 платформа заңды  жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда соңғы жылдары маркетплейстер арқылы тауар алу трендке айналды. Тұтынушылардың айтуынша, ол жақтағы баға қолжетімді, сапасы да басқалардан кем емес. Енді мұндай қосымшалардағы заттардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Себебі елде тіркелмей жұмыс істеген платформалар бұғатталмақ.

"Өте арзан, сапасы да жақсы деп көп адамнан естідім", – деді қала тұрғыны.

"Дұрыс емес деп ойлаймын. Адамдарға ыңғайлы, әрі арзан, неге қымбаттатады?" – деді қала тұрғыны.

Жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Егер шетелдік маркетплейс Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитетіне тіркелмей, салықты толық көлемде төлемесе, бұғатталады. Билік сайттардың жұмысын бірден тоқтатып тастамайды. Алдымен иелеріне хабарлама жіберіп, олқытықты жою үшін 30 тәулік уақыт беріледі. Егер бұл хаттамаға көңіл аудармаса, бұғатталады.

Көп оқылған: Құмар ойынға салынған ер адам 11 айлық баласын сатып жіберді

"Шетелдік компаниялар өте көп. Біздің назарымыздан тыс қалған компаниялар бар. Біз оларды анықтап, қатысты шара қолданамыз", – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы Ілияс Қабдығаев.

Қазақстанда шетелдік платформаларды пайдаланатындар саны артып келеді. Ресейлік маркетплейстің қолданушылары бір жылда 2 есеге өскен. Ал сол алаңдағы сауда 3 есеге көбейген. Көрші елдің платформа өкілдері Алматы мен Астанадан қойма салып жатыр.

Қазақстан заңын қатаң ұстанамыз. Елде біздің қолданушыларымыз артып келеді. Қазір Қазпоштамен келісімге келдік. Енді тұтынушылар тауарларын Қазпоштаның бөлімшелерінен алып кете алады. Оның үстіне, Алматы мен Астанада 260 мың шаршы метрден асатын қойманың құрылысы жүріп жатыр. Егер ол қолданысқа берілсе, 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады", – деді шетелдік маркетплейс өкілі Дмитрий Борщевский.

Қазақстанда 85 шетелдік компания тіркеліп, заңды жұмыс істеп жатыр. Соңғы 3 жылда олардан мемлекет қазынасына 85 миллиард теңгеден астам салық түскен.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін қабылданады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Ұлттық кино: бюджет қаржысына түсірілген фильмдер неге жарық көрмеген