Бөлінген 20 млрд теңгеден 1,5 млрд теңге ғана пайда түскені белгілі болды
«Ұлттық киноны қолдау орталығы» бес жылда 100-ден аса жобаға 20 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген. Дегенмен әзірге шыққан фильмдердің кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 млрд теңге болған. Мемлекет бюджетінен қомақты қаражат бөлінсе де, прокатқа шықпаған екі фильм үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Қала прокуратурасы 4 жыл бойы ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатының заңды жұмсалғанын тексеріп, олқылықтар анықтаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік қаржылық қолдауға қарамастан, елімізде кино саласы әлі ақсап тұр. Бұған Алматы прокуратурасының 2019-2023 жылдары ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатына жүргізген тексеріс нәтижесі дәлел. Киноның прокатқа шықпағанынан бөлек, қаржыландырылатын жобаларды таңдау кезінде компаниялардың продюсерлері, режиссерлері, актерлері мен құрылтайшылары бір уақытта сараптамалық кеңестің мүшесі болып, заңға қайшы әрекет жасаған.
«2019-2021 жылдар кезеңінде «Выбор» кинофильмі оны түсірудің барлық кезеңінде 500 млн теңге сомасына толық көлемде қаржыландырылды. Алайда мемлекет толықтай қолдағанына қарамастан, аталған фильм прокатқа сол күйі шықпады. 2019 жылдан бастап фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілмеген», - деді қалалық прокуратураның ресми өкілі Райымбек Шәріпбаев.
Сондай-ақ 421 млн теңге сомаға қаржыландырылған «Тырналар» фильмі де жарыққа шықпапты. Осылайша, мемлекет заңнамада көзделген прокаттан және фильм көрсетілімінен түсетін кірістің 20 %-ын алу мүмкіндігінен айырылған. Бұл ретте Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары және «Ұлттық киноны қолдау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Ал киносыншылар бұл мәселенің екінші жағы барын айтады. Себебі, киногерлердің фильмге бөлінген ақшаны прокатқа бағыттауына рұқсат жоқ екен.
«Біздің фильмдеріміздің басым көпшілігі, өкінішке қарай, сөрелерде шаң басып жатыр. Өйткені, осы жүйе әлі де қолға алынбаған. Мемлекет тарапынан дұрыс бір жүйе жасалмаған. Қолдау жасалады, ақша бөлінеді, бірақ кинотеатрлармен байланыс жоқ. Мемлекетіміздің қаражатына түсірілген фильмдерді көрсетуге міндеттеу керек. Немесе мемлекет тарапынан жекеменшік кинотеатрларда көрсету үшін қаржы алдын ала қарастырылуы керек деп есептеймін», - деді киносыншы Дана Әмірбекова.
Сала сыншылары фильмнің жарыққа шығу жүйесін ретке келтіру керек екенін айтады. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» жұмыс істеген бес жылда 100-ден аса жобаға 20 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген. Дегенмен, әзірге шыққан фильмдердің кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 миллиард теңге ғана.
Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, Аlmaty TV арнасы
Оқи отырыңыз: Жуырда! «Алматы» арнасынан «Дем» телехикаясын көріңіз