Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін былтыр 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды
Биыл жеті айда еліміздің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 9,9 триллион теңгеге жетті. Экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бұл былтырмен салыстырғанда 16,1 пайызға көп екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында Үкіметке 2029 жылға дейін ел экономикасын екі есеге арттыру міндетін жүктеп, инвестиция тарту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне айрықша тоқталған. Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін былтыр 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Құжат негізгі капиталға инвестицияны жалпы ішкі өнім көлемінің 23 пайызына дейін ұлғайту, сыртқы салымдар үлесін 30 процентке дейін арттыру және 150 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды көздейді.
Үкімет 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасын бекітті. Құжат халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және макроөңірлер мен дамудың басты бағыттары негізінде өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Сондай-ақ әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізудегі теңсіздіктерді азайтуды да мақсат еткен.
«Бүгінде Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, елдімекендердің қамтамасыз етілу деңгейі 64 пайызды құрады. Ал 2028 жылға дейін 70 пайызға дейін өсуә мүмкін. 2030 жылға қарай елдегі жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің қосатын үлесі 40 пайызға жетпек», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Сондай-ақ Үкімет моноқалаларды дамыту бойынша да шаралар әзірлеген. Атап айтқанда, индустриялық аймақтар құру, шағын және орта бизнесті дамыту, ірі кәсіпорындар мен жергілікті өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу сынды шаралар қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 6 мыңнан астам жоба орындалса, биыл 500 ауылда 200 миллиард теңгеге 1000 жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Сонымен қатыр «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл 50 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа республикалық бюджетті қалыптастыру барысында алдағы 3 жылдыққа 450 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржыға ауылдардардағы 25 мыңға жуық кәсіп қолдау табатын болады», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Оқи отырыңыз: Кредитті мерзімінен бұрын төлеу: 31 тамызда жаңа ереже күшіне енеді