Елімізде қандай өңірлік тұрғын үй жобалары бар және шарттары қандай

25.09.2025 20:45

Қазақстанда жан басына шаққандағы тұрғын үй көрсеткіші – 24,5 шаршы метр

Елімізде тек Астана мен Алматы тұрғындары тұрғын үймен қамтылған деп есептеледі. Көрсеткіш жан басына шаққанда 30 шаршы метрден асады. Бұл - Біріккен Ұлттар Ұйымы белгілеген стандарт. Ал жалпы ел бойынша баспанамен қамтылу деңгейі әр адамға шаққанда 24 жарым шаршы метр. Басқа өңірлердегі көрсеткіш қандай? Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынған? Осы және өзге де сұрақтарға Аlmaty TV тілшісі Олжас ОМАРБЕК жауап береді.  

Бүгінде өз шаңырағым болса деп армандайтын азаматтар аз емес. Бұл ең алдымен, болашағына деген сенімділік, екіншіден - құнды инвестиция. Әсіресе, адам ағыны азаймайтын мегаполистерден үй алғысы келетіндер қатары қалың. Сәйкесінше, ондағы құрылыс қарқыны да жоғары.

Елорда мен Алматы қалаларында сұранысқа сай ұсыныс та жеткілікті. Еnergyprom.kz талдау порталының мәліметінше, қос шаһардағы қамту көрсеткіші жан басына шаққанда 32,3 және 30,6 шаршы метр. Үздік үштікке 29,2 шаршы метрмен Маңғыстау облысы енген. Ал ең төмен көрсеткіш Жамбыл және Жетісу облыстарында байқалады. Сондай-ақ аутсайдерлер қатарында Абай және Түркістан облыстары бар. Жалпы, елде халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Мұндағы негізгі драйвер - тұрғын үй жинақ жүйесіне маманданған «Отбасы банкі». Аталған қаржы институтында жалпы республикалық бағдарламалардан бөлек, өңірлік тұрғын үй жобалары да жүзеге асырылып жатыр.   

Қандай бастамалар қолға алынып жатыр?

Баспанамен қамту көрсеткіші төмен облыстардың бірі ретінде Жетісу облысын атап өтуге болады. Мәселен, «Отбасы банкі» облыс әкімдігімен бірлесіп, жаңа «Маман» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Ол білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, энергетика, БАҚ, «Азаматтарға арналған үкімет», туризм саласы және саяси партия филиалдарында еңбек ететін азаматтарға арналған. Бағдарламаның мақсаты - әлеуметтік және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту және мамандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету.

Жоба аясында 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Алғашқы жарна - 10 пайыз, жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз. Жетісу облысы аумағындағы бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді, сондай-ақ жер телімі бар жеке үйлерді сатып алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, биыл өңірде жастарға арналған «Жетісу жастары» және аудан мен ауылдық округ тұрғындарына арналған «Жерұйық» бағдарламалары жүзеге асырылуда

«Өңірлерге арналған мысалы, Жетісуға «Жетісу жастары», Таразға «Әулие ата жастары», Шымкент қаласына «Қамқор» сияқты программалар бар. Әрине, ол жерлерде алғашқы жарнамен үй алуға мүмкіндік береді. Жылдық пайызы – 5-ақ пайыз. Бұл жерде жұмысты үйлестіретін «Отбасы банк» болады. «Отбасы банкпен» бірлесе отырып, әкімдік 10 процент алғашқы жарнамен үй алуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жерде бір ескеретін жайт, міндетті түрде сіздің атыңызда соңғы бес жылда үй болмауы керек. Несие тарихыңыз дұрыс болу керек және сіздің міндетті түрде алғашқы жарнаңыз болады. Ай сайынғысын төлей алатын қабілетіңізді тексереді», - деді сарапшы Қайрат Қожанов.

Тағы бір айта кетерлігі, 12 қыркүйекке дейін Алматы облысында «Алатау» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылданды. Бағдарлама әлеуметтік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Қатысушылар 10 пайыз алғашқы жарна төлеп, 30 млн теңгеге дейін несие ала алады. Жылдық мөлшерлеме –5 пайыз. Жалпы, өңірлік бағдарламалар әр облыстың ерекшелігіне қарай әзірленеді және елдегі тұрғын үй саласының дамуына ықпал етеді.  

Оқи отырыңыз: Тауар қымбаттай ма: шетелден онлайн тапсырыс берушілер енді декларация тапсырады