Сенат жаңа заңды мақұлдады
Енді шетелдік түрлі маркетплейстен арзан киім-кешек пен керек-жарағын сатып алып жүргендер мемлекетке есеп береді. Яғни, декларация тапсыруға міндеттеледі. Бүгін Сенат депутаттары Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартына өзгерістер енгізетін заңды мақұлдады. Құжат халыққа не береді? Бұл тауар бағасының өсуіне әкеп-соқпай ма? Аlmaty TV тілшісі Аршат ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ тарқатады.
Қазір шекараның арғы бетінен онлайн тауарға тапсырыс беретіндердің қатары көбейген. Тапқаны тамағынан артылмайтын қараша мұны арзан, сапалы дүние сатып алудың жолы ретінде қарастырады. Былтыр Қазақстанда электрондық сауданың жалпы көлемі 3,2 триллион теңгеге жеткен екен. Енді сенаторлар интернет арқылы сауда-саттық жасап жүргендерді декларация тапсыруға міндеттемек. Олардың айтуынша, бұдан елімізде электрондық сауданың үлесі азаймайды. Құжат статистиканы реттеп, жалпы экономикалық өсімді бақылауға мүмкіндік береді деп отыр.
«Электрондық сауда жүйесін ретке келтіру мәселесі қолға алынып отыр. Яғни, статистиканы дұрыстауымыз керек. Қазіргі таңда көптеген сауда алаңы бар. Олардың көбін біз көріп отырған жоқпыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров.
Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, шетелден тапсырыспен келетін тауардың салмағы 31 келіден асса немесе бағасы 200 еуродан көп болса ғана декларация тапсырып, 15 пайыз кедендік төлем төлеу қажет. Былтыр осының есебінен бюджетке қосымша шамамен 7 миллиард теңге салық түскен екен. Енді жаңа құжатқа сай кез келген сырттан келген тауар декларацияланады. Экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин жаңа өзгерістер тауардың бағасына да, салыққа да әсер ететінін жасырмайды.
«Халық тауарды өзі декларациялай алады немесе «Қазпошта» сияқты операторларға жүгінуге болады. Мұндай қызметтің бағасы 4 000-5 000 теңге аралығында болады. Тиісінше, бұл сома тауардың жалпы құнына қосылады. Сондай-ақ салық салу жүйесінде де өзгерістер болады. Бұрын тауарға қатысты барлық төлем 15 пайыз болатын. Оның ішінде кедендік баж да, қосылған құн салығы да бар еді. Ал жаңа тәртіп бойынша төлемдер бөлек-бөлек есептеледі. Яғни, 5 пайыз кедендік баж - жеке, 12 процент қосылған құн салығы қосымша төленеді. Осылайша, жалпы салық жүктемесі 17 пайыз болады. Бұл бұрынғымен салыстырғанда 2 процентке көп. Соның салдарынан тауардың түпкілікті бағасы сәл өседі», - деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Ал сенатор Наурызбай Байқадамов декларация тапсыру кезінде халық қандай да бір кедергілерге тап болмай ма деп алаңдап отыр. Депутат жауаптыларға пошта операторлары мен кеден органдарының инфрақұрылымы мен рестурстары дайын ба деп сауал тастады. Шенеуніктер ешқандай тәуекел жоқ, барлық процестер тиімді жұмыс істеп тұр, мамандар да, техника да сақадай сай деп сендірді.
«2023 жылдың тамыз айынан бастап пилоттық режимде жаңағы тәжірибеміз бар. Бұл тәжірибе көрсеткендей, барлық сын-қатерлер, барлық тәуекелдер шыққан сол пилот кезінде айқындалған барлық тәуекелдер жойылды. Осы хаттама күшіне енгеннен бастап бұл тәуекелдер болмайды деп сенімді айта аламыз», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.
Экономика министрінің бірінші орынбасары тиісті құжат мемлекетке де, тұтынушыларға да тиімді дейді. Оның айтуынша, мемлекет толыққанды статистикаға қол жеткізсе, халық тауарларын уақытылы алады, рәсімдеу жеңілдейді. Одан бөлек, бюджетке қосымша қаражат құйылады. Азамат Әмриннің есебінше, алдағы үші жылда қазынаға шамамен 25 миллиард теңге түседі екен.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыдағы зауыт пластик қалдықты асфальтқа қажетті қоспаға айналдырады