Еліміздегі мемлекеттік қорлардың жұмысын бақылау керек - Мәулен Әшімбаев

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Бюджет кодексі шеңберінде жоғары аудиторлық палатаға бюджеттік емес қорларға аудит жүргізу құзіреті туралы норма енгізу ұсынылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы үш жылда бюджеттен бөлінетін қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады. Бүгін Сенат 2025-27 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келер жылдың өзінде әлеуметтік бағытқа 9,8 триллион бөлінеді. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласына берілетін ақша да жылдағыдан көп. Ал шикізаттық емес секторды дамытуға мәжіліс бекіткен теңге жеткіліксіз деп таныған сенаторлар жекелеген баптарға түзетулер енгізіп, кері қайтарды.

Жоғары палата депутаттары бюджет туралы заңды талқылап, құжатқа бірнеше түзету енгізген. Мәселен, келесі жылы шығыстарға кететін қаражаттың көлемі 60 миллиард теңгеге ұлғайтылмақ.

"Заңды талқылау барысында өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 135 ұсыныс келіп түсті. Олар салыстырмалы кестеге келтірілді. Келер жылы шығысты 60 млрд теңгеге ұлғайту ұсынысы қолдау тапты. Қаржы және бюджет комитеті "Қазақстанның Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңды мақұлдауды, салыстырмалы кестені қарап, "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңды Мәжіліске жіберуді ұсынады", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов.

Бюджет туралы заң жобасын талқылау барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі мемлекеттік қорлардың жұмысын бақылау керек екенін  айтты. Оның сөзінше, қорлардың активтері 25 триллион теңгеден асады. Ал ел бюджетінің шығысы 24 триллионды құрайды. Мәулен Әшімбаев есеп беруге келгенде, бір ғана парақпен келетінін сынға алды.

"Бұл – өте маңызды мәселе. Онда үлкен қаражат жатыр. Республикалық бюджетті қарап, жылу энергетикасы және басқа да бағыттарға қаражат таба алмай отырмыз. Ал онда үлкен қаражат жинақталған, ендігі мәселе – олардың бақылауда болуын және жалпыұлттық мақсаттарда пайдалануын қамтамасыз ету", – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы  Мәулен Әшімбаев.

Елде мемлекеттік қорлардан бөлек, қайырымдылық жасауға арналғандары жетіп артылады. Жақында "Біз біргеміз" қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ақша жамқырды деп айыпталғаны да белгілі. Жоғары аудиторлық палатаның мұндай қорларға аудит жүргізуге құзіреті жоқ.

"Жоғары аудиторлық палатаның қайырымдылық қорларын тексеруге құзыреті жоқ. Менің ойымша, олар қоғамдық ұйым ретінде тәуелсіз аудиторлық компанияларды тартуы керек, қайырымдылық жасайтын адамдар бұл ақшаның қалай пайдаланылғаны туралы ақпарат беруі керек. Сондықтан мұны қайырымдылық қорларын ұйымдастырушылардың жауапкершілігі деп санаймын", – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, мәжілісте қаралып жатқан Бюджет кодексі шеңберінде жоғары аудиторлық палатаға мемлекет қатысуымен құрылған бюджеттік емес қорларға аудит жүргізу құзіреті туралы норма енгізу ұсынылған. Ол қабылданса, онда елдегі бюджеттік емес қорлардың барлығы тексеріледі.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отрыңыз: Алматының Бостандық ауданында бос жатқан аумақта жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды

Новости партнеров