Еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласына 40 млрд теңге инвестиция тартылды

16.04.2026 17:56

Жеңіл өнеркәсіп - үш негізгі топқа біріктірілген 20-дан астам қосалқы саланы қамтитын сала

Аlmaty.tv

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі - жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ете отырып, экономиканың маңызды салаларының бірі. Бұл сала көптеген қиындыққа қарамастан өзінің дамуын жалғастырып, экономикалық және әлеуметтік салаларға өз үлесін қосуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 260 млрд тенге құрады, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлағандай, оның ішінде тоқыма өндірісі ақшалай көлемінде 159 млрд теңге, киім өндірісі – шамамен 84 млрд теңге және былғары және оған тиісті өнімдер өндірісі – 17 млрд теңгеге жуық құрады.  

Оның айтуынша, саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 40 млрд теңгені құрады.

«Жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,1%, тұтастай алғандағы өнеркәсіптік өндірісте – 0,4%, өңдеу өнеркәсібінде - 0,8%. 2025 жылы еліміздегі жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 3,6 млрд АҚШ долларын құрады, онда отандық өндірушілердің үлесі – 8,1%, ал қалғаны импорт. Салыстырмалы түрде алар болсақ 2024 жылы отандық тауар өндірушілердің үлесі 5,1%-ды құрады. Бұл өз кезегінде салада атқарылған жүйелі жұмыстардың және жаңа өндірушілердің нәтижесі екені айқын»,-деді спикер. 

Жеңіл өнеркәсіп бұл үш негізгі топқа біріктірілген 20-дан астам қосалқы саланы қамтитын сала: бұл тоқыма өнеркәсібі - 61%, киім өндірісі - 32% және былғарыға қатысты өнімдер өндірісін 7%-ды құрайды.

Жеңіл өнеркәсіпте 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдайға байланысты 1450 кәсіпорын, 836 тігін кәсіпорындары, 489 тоқыма бұйымдарын өндіру және 125 былғары және оған қатысты өнімдерді өндіру кәсіпорындары жұмыс жасайды.

Тұтастай алғанда, өнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту болып табылады. Бұл мақсатқа инвестицияларды тарту, жобаларды іске асыру және жүйелі шараларды іске асыру есебінен жоспарлы түрде қол жеткізіледі.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да бопсалау дерегі бойынша күдікті ұсталды