Жыл басынан бері өңірде бопсалаудың 14 дерегі тіркелді
Шығыс Қазақстан облысында бопсалау фактісі бойынша күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында бопсалаудың 14 дерегі тіркелді. Оның 9-ы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен анықталған.
Облыс орталығында тағы бір қылмыстың жолы кесілді. 26 жастағы азамат танысынан "заң аясында туындаған мәселелерді шешіп беремін" деген сылтаумен 200 мың теңге көлемінде ақша талап еткен.
Жәбірленуші көрсетілген соманы уақытылы бере алмағандықтан, күдікті талап етілетін қаржыны 400 мың теңгеге дейін ұлғайтып, қоқан-лоққы жасау арқылы қысым көрсетуді жалғастырған.
Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін аталған дерек бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, ақшаның бір бөлігін беру кезінде бақылау жүргізілді.
"Соның нәтижесінде күдіктіні ақшаны алу сәтінде ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің автокөлігі мен тұрғылықты жерінде тінту жүргізіліп, ақшалай қаражат пен суық қару санатына жататын кастет тәркіленді", - делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кету керек, бопсалау қылмысы көбіне қоқан-лоққы мен қысым көрсетуден басталады. Мұндай жағдайда азаматтарға құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгіну ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында оқушыны суицидке жеткізу дерегі бойынша сот үкімі шықты