Энергетика саласына жасанды интеллект енгізіледі: дрондар ақауды әуеден анықтайды

28.10.2025 19:14

Энергетика министрлігі цифрлық жүйелер арқылы 57 млрд теңге үнемдемек

Энергетика министрі отын-энергетика кешеніне жұмсалатын миллиардтарды үнемдеудің жолын тауыпты. Ол дрон, робот және жасанды интеллектінің көмегімен электр желілері мен жылу құбырларындағы ақауларды анықтамақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешеніне нейрожеліні енгізуді мықтап қолға алыпты. Оның айтуынша, қазірдің өзінде екі пилоттық жобаны сәтті іске асырған. Біріншісі, дрондар мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, электр беру желілеріндегі ақауды әуеден тексереді. Бұл жүйе арқылы шығынды 2,5 миллиард теңгеге азайтуға болады дейді.

«Екінші кейс – роботтандырылған кешен мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, жылу желілерінің құбырішілік дефектоскопиясы. Күтілетін экономикалық тиімділік жөндеу жұмыстарын тиімділігі жоспарлау есебінен 42 миллиард теңгені құрайды. Аталған екі кейс те қазіргі уақытта нормативтік бекіту және өнеркәсіптік масштабтау кезеңінде тұр», - деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Ақкенженовтен кейін сөз алған Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев электр желілерін дрондар арқылы бақылау тек шығынды азайтып қоймайды дейді. Айтуынша, бұл жүйе қызметкерлерге төнетін тәуекелдерді төмендетіп, апаттардың алдын алады екен. Жоба 2027 жылға қарай ел бойынша енгізілмек. Одан бөлек, Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін энергетика саласының цифрлық трансформациясының картасы әзірленіп, бекітілгенін жеткізді.

«Энергетика саласында қосалқы түрлермен бірге 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 99 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады. 2027 жылға қарай нысандардың 50 пайызы цифрлық мониторингпен қамтылып, саланың негізгі процестері автоматтандырылатын болады», - деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Баяндамашылар премьер-министрге саланы дамытуға қатысты да есеп берді. Ерлан Ақкенженов энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасы аясында 4 миллион «ақылды есептегіш» орнатып, 57 миллиард теңге үнемдемек екен. Одан бөлек, қуаты шамамен 3,8 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздері мен 1,1 гигаватт энергияны жинақтайтын жүйелерді құруды қолға алыпты. Министрлерді тыңдаған Олжас Бектенов Үкіметтің алдында тұрған міндеттерге тоқталды. 

«Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 гигаватт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек. Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері және атом энергиясы сияқты баламалы энергетиканы дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үкімет алдағы уақытта дәстүрлі энергетиканы дамытуға баса мән береді. Өйткені электр энергиясының негізгі көзі ретінде әлі күнге дейін көмір қолданылып келеді. Осылай деген Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Нақтыласақ, Энергетика министрлігі биыл 250 Мегаватт, ал келесі жылы 2,5 Гигаватт энергия қуатын іске қосуы керек. Ал «Самұрық-Энерго» компаниясы келер жылы наурыздың соңына дейін Семей мен Өскеменде салынатын жылу электр стансаларының құрылысына дайындықты толық аяқтауы керек.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Көмір тапшылығы болмайды - энергетика вице-министрі