Қазақстан ЕО-ның жаңа климаттық талаптарына бейімделіп жатыр
Астанада Еуропалық Одақтың трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі (CBAM) аясындағы жаңа талаптарға Қазақстанның алюминий және қара металлургия өнімдерін экспорттаушыларын бейімдеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv
ҚР Сауда және интеграция министрлігінен хабарлағандай, семинар барысында CBAM жүйесінің енгізілуі және оның қазақстандық экспортқа ықпалы жөніндегі зерттеу нәтижелері таныстырылды. Жаңа механизм 2026 жылдан бастап толық іске қосылып, ЕО нарығына шығарылатын өнімдердің көміртек ізін есепке алуды міндеттейді.
Мамандардың айтуынша, бұл талаптар Қазақстанның негізгі экспорттық бағыттарының бірі – Еуропалық Одаққа тікелей әсер етеді. 2025 жылы ЕО-ның Қазақстан сыртқы саудасындағы үлесі шамамен 31%, ал экспорт құрылымындағы үлесі 44%-ды құраған. Қазақстандық алюминий экспортының жартысынан астамы Еуропа елдеріне жөнелтіледі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, төрт негізгі өнім санаты бойынша (алюминий, феррохром, болат прутоктар мен өзектер) CBAM аясындағы жыл сайынғы міндеттемелер шамамен 114 млн еуроны құрауы мүмкін.
Сарапшылар бұл жаңа жүйе қазақстандық кәсіпорындардан көміртек шығарындыларын есепке алу мен есептілікті жетілдіруді талап ететінін айтады. Бұл өз кезегінде өндірістің ашықтығын арттырып, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті сақтауға ықпал етпек.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапы ЕО талаптарына бейімделу үшін арнайы зерттеу әзірлеп, экспорттаушыларға практикалық ұсынымдар беріп отыр. Негізгі мақсат – қаржылық жүктемені азайту және отандық өнімнің еуропалық нарықтағы орнын сақтау.
Оқи отырыңыз: Цифрландыру мен ЖИ Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жол ашады – Президент