Президент Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеттерді атады

10.02.2026 11:54

Жасанды интеллектіні дамыту ұран ретінде емес, экономикалық идеологияның негізгі тірегіне, тіпті ұлттық идеологияның берік тұғырына айналуы қажет екенін айтты

Президент Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешілуі тиіс бірқатар маңызды міндет тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, тұрақты әрі қалыпты инфляция деңгейін қамтамасыз ету, мемлекет қаржысының теңгерімділігін сақтау және былтырғы Жолдауда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толық іске асыру қажет.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу тек көмекші құрал деңгейінде қалмауы тиіс. Бұл үдерістер экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы керек. Жасанды интеллект негізіндегі цифрландыру еңбек өнімділігін арттыруға, экспортқа бағдарланған экономикалық секторларды қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіруге бағытталуы тиіс.

Президент жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру елдің индустрия, энергетика және көлік салаларында заманауи әрі тиімді жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні дамыту ұран ретінде емес, экономикалық идеологияның негізгі тірегіне, тіпті ұлттық идеологияның берік тұғырына айналуы қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы мұндай жауапты кезеңде дұрыс, батыл және тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол нақты өмірге қатысы жоқ, нәтижесіз әрі «құрғақ» ұсыныстарға жол беруге болмайтынын қадап айтты.

Президенттің сөзінше, бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс істеуі тиіс, ал оның жемісін қоғам толық сезінуі қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қазіргі таңда аса өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталатынын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйледі