Қаржы министрлігі сырттан доллармен емес, жапон валютасымен несие алу себебін түсіндірді

Мәжіліс тиісті келісімді ратификациялады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан халықаралық ұйымдардан доллармен емес, жапон валютасымен қарыз алады. Мәжіліс тиісті келісімді ратификациялады. Қаржы министрі Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 154,7 миллиард иен тартатынын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv. тілшісі.

Қазақстан сырттан тағы қарыз алады. Бұл жолы доллармен емес, жапон валютасын құп көріп отыр. Сомасы 154,7 миллиард иен. Оны Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен тартады. Әдетте несиені АҚШ ақшасымен алатын Үкімет бұл жолы неге мұндай таңдау жасады? Мұны Қаржы министрі Мәди Тәкиев былай деп түсіндірді.

«Жапон йенасы валютасын таңдаудағы негізгі себеп, ол  Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және теңге мен жапон йенасы арасындағы тығыз байланысқа негізделеді. Бұл қаражат, экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруды қоса алғанда, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, банктер несиені 11 жылға берген. Оның ішінде алғашқы 5 жыл жеңілдік кезеңі болғандықтан, бұл уақытта негізгі қарыз төленбейді. Келісімдерге сәйкес, қарыз бойынша барлық міндеттемелер республикалық бюджет есебінен өтеледі. Осы тұста депутат Еркін Әбіл бюджет тапшылығын жабу үшін несие алу қалыпты тәжірибе екенін айта келе, сырттан жаңа қарыз тартпас бұрын ішкі қаржыландыру мүмкіндіктері толық қарастырылды ма деп сұрады.

«Көптеген дамыған елдер расында да экономиканы ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын құру мақсатында қарыз алуға саналы түрде барады. Алайда жаңа сыртқа қарыз алу туралы шешім қабылданар алдында тапшылықты жабудың балама көздеріне талдау жасалды ма? Неліктен Үкімет алдымен ішкі қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру орнына, сыртқа қарыз тартуға басымдық береді?», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл.

Тәкиевтің жауабы қысқа болды. Сөзінше, Үкімет ішкі және сыртқы қарызды бөлек қарастырады. Себебі біздің нарықтан қарыз алу қымбатқа түседі. Сәйкесінше, бұл бюджеттің жүктемесін арттырады.

«Неге біз екі жаққа бөлеміз? Іштен и сыртқа. Іште біз өзіміз банктен алғанда ол теңгемен санағанда 17 пайызға дейін көтеріліп кетеді. Өте қымбат болып жатыр. Сондықтан біз шетелден алып жатырмыз. Бүгінгі таңда өзіңіз көріп отырсыз,  1 миллиард долларды 2 пайызбен алып отырмыз», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 36,8 триллион теңге. Бұл шамамен 74 миллиард доллар. Тәкиев берешектің көбі іштен, яғни елдегі банктер мен қаржы ұйымдарынан алынғанын айтты. Ал сыртқы қарыздың көлемі 17 миллиард доллар екен. Министр бұл соманы көп емес дейді. Мәди Тәкиевтің сөзіне иланды ма, әйтеуір депутаттар құжатты ұзақ талқыламай, жылдам қабылдап, Сенатқа жолдады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Министрлік жазда бағаның өсуіне жол бермеуді жоспарлап отыр

Новости партнеров