Қаржы пирамидаларының құрығына түспеу үшін нені білу керек

27.11.2025 19:10

Заман дамыған сайын алаяқтар да айласын асырудың амалын тауып жүр. Түрлі қылмыстық схеманың жолы кесіліп, мемлекет тарапынан бақылау күшейгеніне қарамастан қаскөйлер тақымын қысып қалған жоқ. Қаржы пирамидалары қалың қарашаның қалтасын қағуды доғарар емес. Олар тек соңғы бір жылда халықтың 20 миллиард теңгесін қолды қылған. «Аңқау елге – арамза молда» демекші, азаматтар сенгіш болып бара ма? Әлде қаржылық сауаттылық жетіспей ме? Қаржы пирамидаларының құрығына түспеу үшін нені білу керек?

Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт шолу жасайды.

Соңғы жылдары қарапайым халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. «Алма піс, аузыма түс» деп, оңай жолмен олжалы болғысы келгендер талай жұртты үптеп келеді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, тек қаржы пирамидалары 2024 жылы азаматтарға 20 миллиард теңге көлемінде залал келтіріпті. Бұл – анықталған ұйымдар бойынша ғана жасалған есеп. Нақты сан соғып қалғандардың қатары одан да көп болуы мүмкін. Қалың қараша осылай қаскөйлердің қақпанына түсіп жатқанда, тәртіп сақшылары қарап отырған жоқ. Олар биыл 9 айдың ішінде қаржы пирамидаларының белгілері бар 14 мыңнан аса сайтты бұғаттады. Ал былтыр олардың саны 36,4 пайызға төмен еді. Сондай-ақ қаңтар мен мамыр аралығында әлеуметтік желіде 276 мың оқырманы бар 43 заңсыз чат жабылған. 86 мыңнан аса азаматты тақырға отырғызған 36 қаржылық пирамиданың жолы кесіліп, оның 19-ына қатысты іс қозғалды. Ал қазір құзырлы орган 11 жоба бойынша тергеуді жалғастырып жатса, 54-іне қатысты сот үкімі шыққан. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп, оңай олжаға кенелемін дегендер де оңбай опық жеп жатыр.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, елде жұмыссыздық көбейіп, халық қаржылық дағдарысқа тап болса, алаяқтардың қаптап кететіні заңды құбылыс. Алайда қазір қысылтаяң уақыт емес. Ақша табамын дегенге мүмкіндік көп. Сан соғып қалмаудың жолдары да айтылып жүр. Соған қарамастан көпшілік қаржы пирамидасының құрығына түсіп қалады. Мамандар бұл құбылыстың бірнеше себебін түсіндіреді.

Ең алдымен, адамдардың өзі «тез ақша» табудың жолын іздейді. Қаржылық сауаттылықтың төмендігі де қақпанға түсуге түрткі. Ал танысың, жақының ұсынған немесе танымал блогерлер жарнамалаған пирамидалар тіпті көңілге сенім ұялатады. Келесі кезек аңқау жұртқа молда болған — «арамзаларда». Олар табыс тарихын айтып мақтанады, кәсібін заңды етіп көрсетуге тырысады. «Көп ақша табасың, соңғы орын қалды, үлгеріп қал» деген желеумен психологиялық қысым жасайды. Ал салымшылар саны көбейген сайын «топтық эффект» пайда болып, қатысушылар бар-жиған терген қаражатын құя салады. Алайда алаяқтар арам пиғылын іске асырып, дегеніне жеткен соң, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Ал сан соғып, жер сипап қалатын сол баяғы қараша халық. Сондықтан мамандар барынша сақ болуға шақырады. Ол үшін қаржылық пирамиданы мына белгілеріне қарай тани білу керек.

«Криптовалюталы пирамидалар болуы мүмкін. Жаңа технологияларды, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, адамдарды белгілі бір топқа шақыру. Соның ішінде соған ақша құю. Сосын олар қазір букмекерлік контораларды қолдануы мүмкін. Әртүрлі ойын-сауық түрін қолдануы мүмкін. Ең бастысы – адамдарды тартып, жоғары пайызды ұсынып жатса, солардың үлкен белгілерінің бірі болып саналады. Ондайға тап болмас үшін, қандай да бір компания ұсыныс білдіріп жатса, оны Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігінің сайтынан көру керек», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас Сарапшысы Ғаділбек Әкім.

Қаржы табудың пирамидалық тәсілі – бұрыннан дәлелденген алдамшы жүйе. Ал оның негізгі белгісі – жоғары пайызды табыс. Әлемде ең мықты деген инвестициялық компанияның өзі жылына 30 пайыз ғана сыйақы беруі мүмкін. Ал қаржы пирамидасының уәде ететін үстемесі айына – 20 процент. Бұл - барып тұрған «батпан құйрық»! Сондықтан ондайлардан барынша аулақ болған абзал. Сарапшылар айтуынша, ақшаны нарықта заңды жұмыс істейтін және қаржы жүргізуге құқығы бар инвестициялық компанияларға немесе екінші деңгейлі банктерге салған дұрыс.

 Ендеше, маңдай термен келген әрбір тиын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін дейміз.

Оқи отырыңыз: Алматыда ENACTUS жастар бизнес-жобаларының жаңа маусымы басталды