Қазақ бидайын ең көп қай елдер сатып алады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Еуропадағы негізгі сатып алушы – Италия

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан бидайының негізгі бөлігі Орталық Азия елдеріне экспортталды. Қазақстан бидайын қай елдер көбірек сатып алғанын зерттеп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Экспорт құны бойынша бірінші орында Өзбекстан тұр. Бұл елге жеті айда 647,6 млн долларға бидай сатылған. Оның жалпы экспорттағы үлесі 57,9% болды. Екінші орында Тәжікстан тұр. Бұл ел Қазақстаннан 196,2 млн долларға бидай сатып алған. Оның үлесі – 17,6%.

Үшінші ірі сатып алушы – Ауғанстан нарығы. Жеті айда бұл елге 122 млн доллардың бидайын жөнелтіліп, жалпы экспорттың 10,9%-ын құрады.

Осылайша, қазақ бидайын тұтынатын басты елдер – Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан болып отыр. Жалпы экспорттың 86,4%-ын осы үш мемлекетке тиесілі. 

Еуропадағы негізгі сатып алушы – Италия

Еуропа елдерінің ішінде Қазақстан бидайын ең көп сатып алған мемлекет – Италия. Жеті айда бұл елге 52,9 млн доллардың өнімі жеткізілген. Оның жалпы экспорттағы үлесі 4,7% болды.

Әзербайжанға экспорт көлемі 19,3 млн доллар, Қырғызстанға – 17,1 млн, Иранға – 11,9 млн доллар болды. Бельгия Қазақстаннан 8,7 млн доллларға, Қытай 7,4 млн, ал Латвия 6,6 млн долларға бидай сатып алған. 

Негізгі нарық – Орталық Азия

Деректер Қазақстан бидай экспортының географиясы әлі де көршілес нарықтарға қатты тәуелді екенін көрсетеді. Әсіресе Өзбекстанның үлесі жоғары: бұл елдің өзі Қазақстанның экспортталған бидайының жартысынан көбін сатып алған.

Ал Қытайдың үлесі небәрі 0,7% болып отыр. Бұл Қазақстан үшін ірі әрі жақын нарық саналғанымен, бидай экспорты бойынша әзірге алғашқы үштікке кірмейді. 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрғын үй бағасы қалай өзгерді