Қазақстанда атом энергетикасына қажет мамандар даярлана бастайды

Мамандарды отандық екі жоғары оқу орны даярлайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстанда салынатын екі атом электр стансасына шамамен 400 қызметкер қажет». Бұл – мамандардың болжамы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оларды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Назарбаев университеті және Қазақ-Британ техникалық университеті бірлескен бағдарлама арқылы дайындауды жоспарлап отыр.

Теориялық білім жоғары оқу орындарында оқытылса, практикалық сабақтар Ядролық физика институтының базасында өтеді. Онда студенттер үшін зерттеу реакторы мен ядролық реактордың арнайы оқу стенді жасақталады.

Сондықтан болашақ мамандар өндірістік тәжірибеден өту үшін шетелге бармайды. Айта кетейік, атом реакторларын басқаратын операторларды даярлауға ерекше басымдық беріледі.

«Қазақстан үшін атом саласына маман даярлау – жаңа бағыт емес. Елімізде бұл жұмыс көп жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, Ядролық физика институтында радиациялық қауіпсіздік, ядролық физикалық қауіпсіздік және бұзбай бақылау әдістері бойынша үш оқу орталығы жұмыс істейді. Бұл бағыттардың барлығы атом электр стансаларын салу мен пайдалануда маңызды рөл атқарады. Елімізде атом саласының мамандарын даярлауға қажетті техникалық база қалыптасқан», – деді Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Евгений Ермаков.

Оқи отырыңыз: Алматыда арықтарды жаңғырту жұмыстары басталды