Бұл көрсеткіш саладағы жүйелі өзгерістерді айқындайды
2025 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет балмұздақ экспорты импорт көлемінен асты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сауда және интеграция министрлігінің жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемі 14 167 тоннаны құраса, импорт 12 194 тонна болды. Бұл көрсеткіш саладағы жүйелі өзгерістерді және отандық өндірушілердің халықаралық нарықтардағы позициясының нығаюын айқындайды.
Еліміздегі балмұздақ шығару бойынша жетекші компанияның корпоративтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Омарбек Жұлдыздың айтуынша, қол жеткізілген нәтиже ұзақмерзімді жаңғырту стратегиясымен экспорттық экспансияның жемісі.
«2005 жылы Қазақстан небәрі 12 тонна балмұздақ экспорттап, 12 мың тоннадан астам өнім импорттаған болатын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді: жеткізу географиясы 10 елге дейін кеңейді, ал экспорт алғаш рет импорттан басым түсті. Бұл қазақстандық өнімнің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және саланың кемелденгенін көрсетеді», — деді ол.
Оның айтуынша, өсімнің негізгі факторлары — заманауи өндірістік қуаттарды құруға бағытталған ауқымды инвестициялар, озық технологияларды енгізу, сондай-ақ отандық өндірушілерді жүйелі мемлекеттік қолдау.
Экспорттық түсімнің артуы және орташа экспорттық бағаның өсуі баға бәсекесінен сапа мен брендтер бәсекесіне көшу үдерісін айқын дәлелдейді.
Оқи отырыңыз: Алматының экспорттық әлеуеті артады: дайын өнімге басымдық берілмек