Қазақстанда мұнай мен көмір қорын толықтыру үшін барлау жұмыстары күшейтіледі

08.07.2026 18:57

Жер қойнауын пайдаланушылардың берешегін өндіру де жалғасып жатыр

Елдегі жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекет алдындағы берешегі 17 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Оның айтуынша, қазіргі таңда қарыздың 5,2 млрд теңгесі өндірілген. Қалған берешекті өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал кейбір компанияларға қатысты мәселелер сот тәртібімен қаралуда. Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстанда 215 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың басым бөлігі Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді. Салалық компаниялардың 67 пайыздан астамы осы өңірлерде шоғырланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жер қойнауын пайдаланушылар тоқсан сайын есеп тапсырады. Сол есептердің негізінде біз мониторинг жүргіземіз. Оның қорытындысы бойынша тиісті ескертулер беріледі. Егер талаптар орындалмаса, айыппұл салынады. Ең төменгі айыппұл мөлшері – 10 мың айлық есептік көрсеткіш», — деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.

Брифинг барысында еліміздегі мұнай қоры 4 млрд тоннадан асатыны айтылды. Оның ішінде әлі есепке алынбаған мұнай қорының көлемі 167 млн тонна деп бағаланып отыр.

Сонымен қатар, Энергетика вице-министрі Қазақстандағы көмір қоры жөнінде де мәлімет берді.

Оның айтуынша, елімізде шамамен 34 млрд тонна көмір қоры бар. Алдағы уақытта минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстары қарқын алады. Әсіресе, аз зерттелген бассейндерге инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасалып, жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімдері жеңілдетілген.

«Аз зерттелген бассейндерді пайдалану құқығын беру тәртібі жеңілдетілді. Енді кез келген инвестор өтінім бере алады, ал біз 10 жұмыс күні ішінде сол учаскелер бойынша аукцион өткіземіз. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, барлау жұмыстарына жұмсалған шығындарды өтеу тетігі енгізілді. Сондай-ақ Кодекс барлау келісімшарттарының тұрақтылығына кепілдік береді. Бұдан бөлек, барлау жұмыстарын жүргізу мерзімі 6 жылдан 12 жылға дейін ұзартылды», — деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.

Оқи отырыңыз: ДСМ мектеп медицинасының жаңа стандартын енгізеді