Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 9,3 пайызға артқан

23.11.2026 21:49

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі биыл 9,3 пайызға артқан. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, соңғы үш жылда саладағы өндіріс көлемі 14,5 пайызға өсіп, инвестиция көлемі екі есеге ұлғайған. Қазір бұл көрсеткіш 3 триллион теңгеге жетті. Алайда оң динамикаға қарамастан, салада шешімін күткен мәселелер аз емес. Отандық кәсіпорындар шикізатқа, ұзақ мерзімді тапсырысқа және қолжетімді қаржыға зәру. Бұл мәселелер Үкімет сағатында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева Үкімет мүшелерінен саладағы түйткілдерді ашық айтып, оларды шешу жолдарын ұсынуды талап етті. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың баяндамасы негізінен өндіріс көлемінің өсімі, іске қосылған кәсіпорындар мен мемлекеттік қолдау шараларына арналды.

Министр арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы мен басқару жүйесін жетілдіру қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар құрылыс материалдарына деген сұраныстың 27 пайызы импорт есебінен өтеледі. Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі де әлі төмен.

«Тауар сатып алудағы отандық өнімнің үлесі әзірге 33 пайыз шамасында болып отыр. Бұл отандық өндірісті дамыту үшін әлі де айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Ал Дания Еспаева өңдеу өнеркәсібіндегі өзге де мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, саладағы көрсеткіштер өскенімен, отандық кәсіпорындар негізгі шикізатқа, ұзақ мерзімді тапсырысқа және қолжетімді қаржыға қол жеткізе алмай отыр. Депутат министрлік енгізген қолдау тетіктерінің тиімділігіне де күмән келтірді.

«Индустрия және құрылыс министрлігі жобалар пулын қалыптастырып, цифрлық тізілімдерді іске қосқанын айтады. Алайда өндірушілер тізілімі құрастыру мен терең өңдеудің ара-жігін ажыратпаса, ал отандық зауыттар ұзақ мерзімді тапсырыс пен негізгі шикізатқа қол жеткізе алмаса, мұның нақты экономикалық тиімділігі қандай?!» – деді Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

Депутаттың сөзінше, «Самұрық-Қазына» қорының отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған бағдарламаларына қарамастан, жеке кәсіпкерлер сатып алу рәсімдерінен өту кезінде түрлі кедергіге тап болады. Сондай-ақ ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттардың орнына қысқа мерзімді шарттар ұсынылады. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» холдингі мен даму институттарының инвестициялық қолдау құралдары да көптеген кәсіпорын үшін қолжетімсіз. Бұған жобаларды іріктеу талаптарының жоғары болуы себеп.

«Коммерциялық секторда несие мөлшерлемесі 16 пайыздан басталады. Ал өндірістік жобалардың өзін-өзі ақтауы үшін несие пайызы 7 пайыздан аспауы керек. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер офтейк-келісімшарттарды толыққанды кепіл ретінде қабылдамайды. Оның орнына кәсіпкерлерден жылжымайтын мүлік пен өзге де қосымша активтерді талап етеді», – деді Дания Еспаева.

Құрылтай депутаты Наталья Годунова да өңдеу өнеркәсібіндегі қордаланған мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, 2010 жылдан бері салаға бюджет пен Ұлттық қордан кемінде 10 триллион теңге бөлінген. Алайда осы уақыт аралығында өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 1,5 пайыздық тармаққа ғана өскен. Ал импорт көлемі 21 миллиардтан 61 миллиард долларға дейін ұлғайған.

Депутат мұндай жағдайда мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қайта бағалап, бөлінген қаржының нақты экономикалық қайтарымына назар аудару қажет екенін айтты.

«Қаражат бөлінбес бұрын жобаның өміршеңдігі, шикізатпен, инфрақұрылыммен және өткізу нарықтарымен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ жобалық қуатына шығу мүмкіндігі объективті түрде бағалануы тиіс. Мемлекет бұрын бөлінген бюджет қаражаты мен Ұлттық қор ресурстарын сылтау етіп, өзін ақтамайтын жобаларды қаржыландыруды жалғастырмауы керек», – деді Құрылтай депутаты Наталья Годунова.

Үш сағатқа жуық созылған Үкімет сағатында Ерсайын Нағаспаев депутаттардың сауалдарына жауап берді. Жиында халық қалаулылары мемлекеттік қолдауды нақты нәтижеге бағыттап, кәсіпорындардың мәселелерін шешу және жаңа өндірістердің ашылуына кедергі келтіретін түйткілдерді жою қажеттігін айтты. Олардың пікірінше, қаржы, инфрақұрылым мен өнім өткізу мүмкіндігі қамтамасыз етілмесе, мемлекеттік бағдарламалар да күткен нәтижеге жеткізе алмайды.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Almaty TV

Толық көрсету