Бағдарлама аясында 35 бастамадан тұратын 7 стратегиялық бағытты іске асыру жоспарланып отыр
Алматыда Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп әзірлеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бағдарлама аясында 35 бастамадан тұратын 7 стратегиялық бағытты іске асыру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – терең, өтімді және әртараптандырылған капитал нарығын қалыптастыру. Бұл бизнеске ұзақ мерзімді қаржы тартуға, ал халыққа жинақтарын инвестициялауға арналған сенімді құралдарға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Соңғы бес жылда Қазақстандағы акциялар нарығының капиталдандырылуы екі еседен астам өсіп, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жетті. Ал борыштық бағалы қағаздар нарығы 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Корпоративтік борыш көлемі 24 трлн теңгені құрады.
Бағдарламада институционалдық инвесторлардың рөлін күшейту, зейнетақы активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру және қаржы ұйымдарының ішкі нарық құралдарына инвестициялау мүмкіндігін кеңейту қарастырылған.
Сонымен қатар компаниялардың қор нарығына шығу рәсімдерін жеңілдету жоспарлануда. Бағалы қағаздарды тіркеуді Орталық депозитарийге беру және рәсімдерді цифрлық форматқа көшіру көзделген. Орта бизнес үшін қор нарығына шығудың икемді шарттарын енгізу де жоспарланып отыр.
Акциялар нарығының өтімділігін арттыру үшін бағалы қағаздарды қарызға алудың орталықтандырылған тетігін құру ұсынылған. Сондай-ақ жабық қысқа сатылымдарға рұқсат беру, маркет-мейкерлердің рөлін күшейту және эмитенттердің тәуелсіз талдамасын қолдау шаралары қарастырылған.
Шетелдік инвесторлар үшін қазақстандық акцияларға қолжетімділікті жеңілдету мақсатында оларды ірі халықаралық сақтау және есеп айырысу жүйелеріне қосу жоспарлануда.
Бағдарламада инвесторлардың құқықтарын қорғау мен корпоративтік басқару сапасын арттыруға да ерекше мән берілген. Жария компаниялардың ашықтығын арттыру және миноритарлық инвесторлардың құқықтарын тиімді қорғау шаралары енгізіледі.
Бұдан бөлек, капитал нарығын реттеу мен қадағалау моделі жаңартылады. Тәуекелге бағдарланған қадағалау тәсілін бүкіл нарыққа енгізу жоспарланған.
Сонымен қатар KASE-нің реттеушілік функцияларының дербестігін арттыру көзделіп отыр. Биржа құрылымында коммерциялық басшылықтан тәуелсіз реттеушілік комитет құру ұсынылған.
Капитал нарығын дамытумен қатар «Капитал нарығы туралы» жаңа заң әзірленіп жатыр. Құжат қолданыстағы нормаларды біріктіріп, нарықтың бірыңғай реттеушілік архитектурасын қалыптастыруға бағытталады.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрі болып тағайындалды